Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Басына диван құлады: Ақтау тұрғынының өліміне кінәлілер әлі табылмаған

Маңғыстау облысының полицейлері 2023 жылдың қаңтарында басына диван құлап кеткен 39 жастағы Ақтау тұрғынының өліміне қатысты тергеуді тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі

Полицияның дерегінше, Ақтауда 39 жастағы ер адамның өліміне кінәлі азамат бір жылдан бері іздестіріліп жатыр.

2023 жылғы қаңтарда Ақтаудағы 11-шағынауданда тұрғын үйден өтіп бара жатқан адамның басына диван құлап кеткен. Зардап шеккен ер адам ес-түссіз күйде табылды. Мойын омыртқасы сынған адам Маңғыстау облыстық ауруханасына жатқызылды. 2023 жылғы тамызда ер адам ауруханада қайтыс болды.

Оқиғадан бері бір жылдан астам уақыт өтсе де, қайғылы жағдайға кінәлілер әлі табылмаған. Марқұмның туысы тергеу жүріп жатқанына 1 жыл 5 ай өткенін айтады.

“Кінәлілер әлі табылмай жатыр. Диван қай пәтерден құлағаны белгілі. Пәтердің есігін қаққанда үйде балалар болған, ал күйеуі мен әйелі дүкенге кеткен. Тергеу жүріп жатқанына бір жыл, бес ай өтті. Біз кінәліні табуға тырысып жатырмыз. Қанша күш жұмсадым, көмек сұрадым, бірақ полицейлер штатта артық маман жоқтығын айтты", – деді марқұмның туысы. 

Маңғыстау облысының полиция департаменті қылмыстық іс бойынша мерзімдер 2023 жылғы қыркүйекте тоқтатылғанын мәлім етті.



“2023 жылғы 13 қаңтарда осы дерек бойынша Ақтау полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 104-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеруді бастады. Нәтижесінде 2023 жылғы 14 қыркүйекте Қылмыстық-процестік кодекстің 45-бабы 7-бөлігінің 1-тармағына сәйкес қылмыстық іс бойынша мерзімдер үзілді (күдікті адам анықталмағандықтан). Қабылданған шешіммен Ақтау қаласының прокуратурасы келісті”, – деп хабарлады Маңғыстау облысының полиция департаменті өкілдері.

Алайда Марқұмның туыстары істі қайта қарауды талап етіп, қылмысты ашуға бағытталған жедел-іздестіру іс-шарасы қолға алынды.

Еске салайық, Астанада тұрғын үй кешенінің қасбеті опырылып, баланы басып қала жаздағанын жазған едік. Оқиға "Sat City" тұрғын үй кешенінің кіре берісінде болған. Басынан жарақат алған бала ауруханаға жеткізілді. Қазір бала амбулаторлық емдеуге жіберілген. Нұра аудандық полиция бөлімі қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызметтерді көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Талқылау