"Басымнан өткен жағдай": Баян Мақсатқызы марқұм Салтанат Нүкенованың соққыға жығылған видеосына қатысты пікір білдірді
Танымал продюсер, актриса Баян Мақсатқызы марқұм Салтанат Нүкенованы мейрамхананың дәлізінде ұрып-соғып жатқаны түсірілген видеоға қатысты ойын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/bayanmaxatkyzy/
Айта кетейік, бір аптадан бері Қуандық Бишімбаевтың соты Астана қаласында өтіп жатыр, ал сот процесі тікелей эфирде трансляцияланады.
“Бұл сұмдықты бастан өткердім. Мұндай күйде адам ешқандай жанашырлық танытпайтынын анық білемін. Олар міндетті түрде ұрып-соғады", – деп жазды продюсер.
Сонымен қатар, продюсер тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы фильм түсіргенін де есіне алып, көруге кеңес берді.
“Екі жыл бұрын біз отбасындағы зорлық-зомбылық туралы фильм түсірдік. Оны көпшілік көріп үлгерді. Бүгінге дейін фильміміз жарты әлемді аралап, 11-ден астам халықаралық марапаттарға ие болды. Ең негізгісі – Берлиндегі жеңіс. Бұл оқиға шынайы өмірден алынған. Дәл қазір бүкіл ел бақылап отырған сұмдық трагедияға куә болдық. Бұл жай ғана отбасында болмайды. Одан кейін зорлық-зомбылық әлеуметтік мәртебені таңдамайды. Зорлық-зомбылық бүгінгі күннің шындығы деп кім ойлаған?! Ал қоғамның әлі күнге дейін жақсы-жаман деп екіге бөлінгені қандай өкінішті?! Мен бүгін болып жатқан оқиғалардың тарихқа енетініне сенімдімін. Дағдарыс орталықтарын ашқым келмеген еді. Күн сайын көбейіп жатқан статистиканы естігім келмейді, бірақ солай... Орталық жұмыс істеген бес күн ішінде 16 адамды қабылдадық. Оның тоғызы – бала. Қауіпсіз жерде болса да, балалар әлі күнге дейін қорқады. Біреудің отбасы біздің шаруамыз емес деп бей-жай қарамауымыз керек. Қоғам болып тоқтатуымыз керек”, – деп жазды актриса.
Еске салайық, Бишімбаев ісіне қатысты отандық шоу-бизнес өкілдері түрлі пікір білдіріп жатыр.
Айта кетейік, Астанада айыпталушы Қуандық Бишімбаевтың соты жалғасып жатыр. Бұған дейін экс-министр Бишімбаев сотта әйелінің қаза тапқан кезін баяндаған. Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған.