Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

15 жылға сотталмақ: Қаржы пирамидасын құрды деп күдікке ілінген азамат Испаниядан экстрадицияланды

Бас прокуратура мен ІІМ-нің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Испания Корольдігінен қаржы пирамидасының қызметіне байланысты трансұлттық ұйымдасқан топқа қатысқаны үшін күдіктіні экстрадициялады. Бас прокуратураның баспасөз қызметі осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: бас прокуратура таратқан видеодан скриншот

Ол 2016-2017 жылдар аралығында заңсыз материалдық пайда көру мақсатында басқа елдердегі адамдар тобымен "Questra Holding" компаниясын құрды деген күдікке ілінген. Бұл топ 800-ден астам азаматты алдап, 1 миллиард теңгеден астам шығын келтірген.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, күдіктілер халықаралық іздестіруге жарияланған.



2022 жылдың желтоқсанында бас прокуратураның экстрадициялық сұрауы бойынша іздеудегілердің бірі Испания аумағында ұсталды.

“Қазір ол Астанадағы тергеу изоляторына қамалды. Осы қылмысты жасағаны үшін мүлкін тәркілеп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған”, – делінген бас прокуратура мәлімдемесінде.

Ұсталғанды экстрадициялау Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы 2012 жылғы 21 қарашадағы шарт негізінде жүзеге асты.

 

Бұған дейін бас прокуратура ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінген ер адамның Грузиядан экстрадицияланғанын мәлімдеген.

Талқылау