Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бас прокуратура қаңтар оқиғалары кезінде азаматтардың қандай жағдайда қаза тапқанын айтты

16 тамыз күні Бас прокуратура қаңтар оқиғалары кезінде қайтыс болған азаматтардың тізімін жариялады. ҚР Бас прокуратурасы 1-ші қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов антитеррорлық операция барысында кейбір азаматтар ауыр оқ жарақатын алғанын мәлімдеді. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

кантар полиция

Қилымжановтың айтуынша, кейбір азаматтар түрлі кәсіпкерлік нысандарын тонау және ұрлық жасау кезінде қаза тапқан. Сөзіне мысал ретінде ол жанармай бекетінен жанар-жағармай ұрлап жүріп, отты абайсыз пайдалануынан өзін-өзі өртеп алған Алматы қаласының тұрғынын айтты. Дәл осы қалада мұздай қаруланған тұрғын қарсылық көрсету кезінде жеке күзет ұйымының қызметкерлерінің қолынан ажал құшқан.

Тергеу барысында сонымен қатар тәртіп сақшыларының заңсыз жауап алу әдістерінің салдарынан жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген күдікпен 6 адамның қаза тапқаны анықталды. Қилымжанов бұл фактілердің барлығын арнайы прокурорлар мұқият тексеріп, 15 қауіпсіздік қызметкері күдікті деп танылып, оларға қатысты түрлі алдын алу шаралары қолданылғанын атап өтті.

Бұдан бөлек Талдықорған қаласының әскери бөлімшесінің маңында және Алматы алаңында азаматтардың өліміне әкеп соққан өкілеттіктерін асыра орындағаны үшін бірқатар әскери қызметшілер қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Тәртіпсіздіктер кезінде ұрып-соғу, тонау, кісі өлтіру әрекеттері кеңінен орын алған. Бас прокуратура бұл әрекеттердің мақсаты қала көшелерінде дүрбелең тудырып, үрей орнату және жалған ақпарат тарату арқылы елдегі тұрақсыздыққа қол жеткізу болғанын айтты. Тәртіпсіздіктерге қатысушылар полиция қызметкерлеріне, әскери қызметкерлерге және қарапайым азаматтарға шабуыл жасап, көліктердің жүру бөлігін жауып тастаған. Көліктерді өртеп, тонау, қару-жарақ ұрлау және бейнебақылау камераларын қирату секілді әрекеттер болған. Жүздеген көлік өртенген.



Қазіргі уақытта қайғылы қаңтардағы адам өлімі фактілері бойынша 200-ге жуық қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бас прокуратура Қолда бар бейнежазбаларды анықтау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Қылмыстардың куәгері болуы ықтимал 10 мыңнан астам азаматтан жауап алынған. Қаза тапқан 238 азаматтың арасында қылмыскерлер мен жазықсыз азаматтар бар, деп санайды Бас прокуратура.

Қилымжанов өлімнің мән-жайлары анықталғанын, сондай-ақ 167 адамға оның ішінде Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында қаза тапқан құқық қорғау органдарының 19 қызметкеріне қатысты тергеу жалғасып жатқанын айтты. Қызметкерлер қоғамдық тәртіп пен мемлекеттік нысандарды қорғау бойынша қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан.

"Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратын қорғауға қатысқан қолында қаруы жоқ әскери қызметші - подполковник Хаировты өлтіру кезінде ерекше қатігездік байқалды. Аса зорлықпен өлтіргеннен кейін қылмыскерлер қылмыстың ізін жасыру үшін оның денесін өртеп жіберген. 39 жастағы офицердің артында кәмелетке толмаған екі баласы қалды", – деп атап өтті Қилымжанов.

Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Атырау қалаларындағы нысандарға жасалған қарулы шабуылдан 92 адам қаза тапқан. Спикердің сөзінше, 5 қаңтарда күндіз қылмыскерлер Алматының аудандық ішкі істер бөлімінің ғимаратын басып алмақ болған, кешке қарулы адамдар осы қаланың бөлімшесінің ғимаратына шабуыл жасаған, алайда көп адамдарынан айырылған. Полиция ғимаратын басып алмақ әрекеті бір тәуліктен астам уақытқа созылған. Олар атыс қарулары мен жарылғыш заттарды қолданған.

 



Бас прокуратура әкімдік ғимаратын басып алып, өртеп жіберген соң қылмыскерлердің президент резиденциясына қарай бағыт алғанын қосты. Қылмыскерлер ғимаратқа мақсатты түрде басып кірмек болған. Шабуыл кезінде олар қару-жарақ қоймаларынан ұрланған қаруды қолданып, арнайы техниканы тартып алған. Әкімдікке шабуыл кезінде қолға түскен сарбаздарды тірі қалқан ретінде пайдаланған.

Дәл осы уақытта Қызылорда облысында жергілікті полиция ғимаратына шабуыл жасалған. Онда қылмыскерлер жүк көлігінің көмегімен ғимараттың қақпасын соғып, оқ жаудырып, бақылау-өткізу пунктін өртеп жіберген, сонымен қоса басқару орталығының камералары мен патрульдік көліктерді қиратқан.

Салдарынан 6 қызметкер ауыр жарақат алып, оларға жауап ретінде полиция оқ атуға мәжбүр болған, дейді Қилымжанов. Ол сондай-ақ барлық фактілер бойынша аталған қылмысқа қатысу айғағы бар екенін атап өтті. Құқық қорғау органдарына жасалған шабуылдың нәтижесінде 1259 қызметтік қару – пулемет, тапанша және гранатомет қолды болған.

Бүгінгі күнге дейін тергеу органдарына 5,3 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелген. 284 адамның денсаулық жағдайына байланысты қамауға алу ешқайда шықпау, кепіл, үйқамақ және жеке кепілдік туралы жазбаша міндеттемемен ауыстырылған. Сотқа 955 күдіктінің ісі беріліп, 834 азамат түрлі жазалау шараларына, оның ішінде 636 адам – бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаға тартылған. Қазіргі уақытта 292 азамат әлі қамауда отыр.

Талқылау