"Барлық мәселе – ақшада": Экс-дипломат Сәкен Мамаштың ағасы ерлі-зайыпты арасындағы жанжалдың шығу себептерін айтты
Фото: Видеодан скриншот
Астанада әйелін ұрып-соқты деп айыпталған экс-дипломат Сәкен Мамаштың ісі бойынша алғашқы сот отырысы өтті. Сот кулуарында айыпталушының туған ағасы Нұржан Мамаш журналистер сұрағына жауап берді. Оның пікірінше, жанжалға ақша себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Нұржан Мамаштың айтуынша, бұған дейін бұрынғы келіні інісінің ұрып-соққанын айтып еш шағымданбаған
"Олардың отбасылық өмірінде ешқандай зәбір көру жағдайы болмаған. Олар он бір жылдай бірге тұрды. Ұрып-соқты деген ешқандай шағым болған жоқ. Екеуі бақытты өмір сүрді. Бір ұл, бір қызы бар. Төрт жыл Бельгияда елшілікте жұмыс істеді, бір жыл елде жүрді де, кейін тағы төрт жылға келісімшартпен Біріккен Араб Әмірліктеріне кетті. Ешқандай ұрып-соғу болған емес. Олар жыл сайын еңбек демалысына шыққан кезде Шымкентте бір күн, ауылдағы қара шаңырақта ары кетсе үш күн жатып, одан кейін жылына кем дегенде бір рет Бали, Кариб аралдары, Барселона, Лондон, Парижге демалысқа кететін. Ініміз кеш үйленгендіктен келінімізді жақсы қабылдадық. Келінімізді Омбыдан құда түсіп барып алып келгенбіз", – дейді экс-шенеуніктің ағасы.
Оның сөзінше, Сәкен Мамаш пен Карина алғаш танысқанда, "қызын жақсы жерге күйеуге беру үшін" желіде жігітпен қызының орнына анасы сөйлескен.
"Телеграмда шешесінің, әжесінің, әпкелерінің барлығының сөздері бар. Кез келген әке-шеше қызының жақсы жерге, бақуатты жерге барғанын қалайды. Бәрі Карина 15 жаста болған кезде басталған. Екеуі mail.ru желісі арқылы сөйлесіп жүргенде қызының орнына шешесі сөйлескен. Жанар Сәкенмен Карина болып сөйлескен. Оны айтудан қорықпаймын, өйткені менде дәлелдер бар. Каринаның орнына Жанар сөйлескенін әпкесінің, апасының айтқаны бізде жазылып тұр, Телеграмда бар. Шешесін де түсінуге болады. Қызының жақсы жерге тұрмысқа шығып, кейінгі өмірі жақсы болғанын қалаған. Дипломаттың айлығы қанша екенін білесіздер. Бәрі содан басталып тұр. Барлық мәселе – ақшада", – дейді ол.
Сондай-ақ ол бауырының қайырымдылықпен айналысқанын атап өтті. Сотта Сәкен Мамаштың адвокаты Бейбітжан Сайлауұлы да жанжалдың бір себебі оның қорғауындағы азаматтың қайырымдылық қызметі болуы мүмкін екенін алға тартқан еді.
"Қайырымдылық қордың бастығын тауып алып сөйлестім. Сәкен оны танымаса да, Шымкенттегі ДЦП-ға шалдыққан балалар орталығына телефон арқылы ақша аударып көмектескен. Жыл сайын Ораза айтта отбасылық жағдайы төмен отбасылардың тізімін алып, соларға қаражат бөлген. Тамызда мектеп басталар кезде қалам-қағаз алу үшін тағы он бес адамға көмектескен", – деп мәлімдеді Нұржан Мамаш.
Еске салсақ, 10 маусымда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы дипломат Сәкен Мамашқа қатысты қинау бабымен қылмыстық іс қарала бастады.
2024 жылғы мамырда экс-шенеуніктің әйелі Карина Мамаш (қазіргі тегі Госман – ред.) күйеуінен 10 жылдан бері физикалық және жыныстық зорлық-зомбылық көріп келгенін айтып видеоүндеу жариялаған. Ол кезде Мамаш Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан елшісінің кеңесшісі қызметін атқарып жүрген. Астана полициясы оның үстінен қылмыстық іс қозғады. Кейін Сыртқы істер министрлігі Мамашты Қазақстанға шұғыл түрде шақыртып алды.
Сол жылы қазанда ерлі-зайыптының ажырасқаны белгілі болды. Кейін Карина Мамаш Госман тегіне өткен.
Биыл 4 сәуірде Сәкен Мамаш бұрынғы әйелін ұрып-соғу фактісі бойынша қамауға алынды.

"Мүгедектер мен аурулар саны артып келеді": Бір аптадан бері түтінге тұншығып отырған атыраулықтар дабыл қақты
