“Балапанымды өлтірген адамды көргім келеді”: Алматыда әскерге кетіп, төрт күннен соң қаза болған Әлібек Қалбайдың соты басталды
Бүгін, 23 тамызда Алматы горнизонының әскери сотында Жамбыл облысына әскери борышын өтеу үшін барып, 4 күннен соң жұмбақ жағдайда көз жұмған ақтаулық Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты соттың алғашқы отырысы өтті. Марқұм Әлібек Қалбай мен айыпталушының туыстары қатысқан сот отырысында қайғылы оқиға орын алған әскери бөлімнен келген куәгерлердің сөзі тыңдалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әлібек Қалбайдың өліміне әскери борышын өтеуге бірге келген 18 жастағы Айболат Аманжолов күдікті деп танылған.
Істі судья Қанат Ертай жүргізді.
Мемлекеттік айыптаушы мен прокурор айыптау актісін оқып, онда Әлібек Қалбай өлімінен бір күн бұрын Айболат Аманжоловпен сөзге келіп, артынан төбелесіп, ауыр жарақат алғанын айтты.
Алайда айыпталушы тарап бұл айыппен келіспейтінін білдірді. Аманжоловтың заңгері Сержан Пірәлиев Николай Курочкин есімді бас куәнің куәлігі сенімсіз екенін жеткізді. Пірәлиевтің сөзінше, Курочкин бірінші рет сұрау алғанда ешнәрсе білмеймін деп айтып, ал кейін кешке қарай сұрағанда “көрдім, екеуі төбелесті” деп айна-қатесіз айтып берген.
Куәгерлер не дейді?
Тергеу сотына 176 куәгер шақырылмақ. Жауынгердің өлімі бойынша әскери бөлім басшыларының үстінен де Қылмыстық кодексктің 453-бабы бойынша ("Қызметке салғырт қарау") іс қозғалған. Бүгінгі сот отырысында әскери бөлімнен келген куәгерлердің сөзі тыңдалды.
Бөлімше командирі Әлішер Дайрабаев Әлібек Қалбай мен күдікті деп танылған Айболат Аманжоловқа жауапты болған. Оның айтуынша, Қалбайдың қазасынан бір күн бұрын кезекшілікте болған. Ол сол күні барлығы тыныш өткенін айтты. Алайда екі сарбаздың арасында түсініспеушілік болғанын жасырмады. Сарбаздардың денелерін тексеріп шыққанын айтқан ол, 21 сәуір күні түнде Қалбайдың денесінде соққының ізі болмаған деді. Алайда жәбірленуші тараптың заңгері Гүлайым Шынтаеваның сарбаздардың денесін тексеру міндетіңізге кіре ме деген сұраққа Дайрабаев жауап бере алмады.
Дайрабаев сонымен қатар Әлібек Қалбайды “Айжамал” деп келеке қылғаны туралы айыптауға жауап берді.
- "Дәрі аламын деп айтқан": Жамбыл облысында қаза тапқан сарбаздың әскерде жүріп отбасынан ақша сұрағаны белгілі болды
- "Күнде екі-үш сарбаз сапта тұрғанда есінен танып қалады": Жамбыл облысындағы жауынгердің өліміне қатысты әскери бөлім командирі пікір білдірді
“Мен бұлай деп досыма айтатынмын. Бірақ Әлібектің өзіне келіп ешқашан айтқан емеспін. Бұл сөзді дұрыс түсінбей қалған”, – деп ақталды ол.
Сонымен қатар Аманжоловтың төсегі үшінші орында, ал Қалбайдың төсек-орны төртінші орында орналасқаны белгілі болды.
Іс бойынша бас куәгер Николай Курочкин 21 сәуір күні 18:40-та сарбаздардың барлығы тамақтануға кеткен кезде казармаға қайта оралып, медициналық бұрыштан тұз алып, ыстық сумен тамағын шайған. Дәл осы кезде ол Аманжолов пен Қалбайдың ерегіскенін және олардың төбелескенін көргенін айтқан. Бірақ мұның барлығын кезекшілікте болған Дайрабаев көрмеген болып шықты.
Заңгер Гүлайым Шынтаева сот сараптамасы кезінде Дайрабаевтың берген куәлігінің 50 пайызы өтірік және 50 пайызы шындық болғанын айтты.
Сондай-ақ Дайрабаев Аманжоловтың тәртібін “тыныш бала болған” деп сипаттады.
Тағы бір шақырылған куәгер – взвод командирі Абылайхан Мұсаев Аманжолов пен Қалбайдың ерегісіп қалғанын және олардың өзінің алдына келгенін айтты. Оның сөзінше, екі сарбаз кешкі астан қайтып келе жатқанда есікке сыймай қалған.
“Екеуі қалжыңдастық деп айтты. Амандосов жәй ғана құшақтадым”, – деді деген ол бұл сөзді Қалбайдың да растағанын айтты.
Мұсаев сарбаздар арасындағы кикілжің туралы рота командирі Ерболовқа айтқанын, бірақ жазбаша емес тек ауызша жеткізгенін айтты. Айыпталушы тараптың заңгерінің сөзінше, кейіннен Ерболов бүкіл саптың алдында Аманжолов пен Қалбайды құшақтастырып қойған.
Сотқа шақырылған тағы бір куәгер – 2-взводтың сержанты Қуаныш Әбжәмиев Курочкиннің тамағы ауырған соң оны Дайрабаев кезекшілікте отырған казармаға өзі алып келіп, тұз бен ыстық су бергенін айтты. Заңгерлер бұл сәтті де қайта сұраған кезде Дайрабаев мұны да көрмегенін жеткізді.
Есінен танып құлаған Қалбайға алғашқы көмек қалай көрсетілген?
Іс бойынша куәгер – кіші сержант, санитарлық нұсқаушы Ажар Жарабасова 22 сәуір күні сағат 8:50 шамасында Әлібек Қалбайдың құлап қалғанын айтты. Бұл сәтте мен іште болдым деген Жарабасова, Қалбайды медициналық бөлмеге сарбаздардың көтеріп келгенін түсіндірді. Оның айтуынша, науқасқа арналған зембіл жедел жәрдем көлігінде болған. Сондай-ақ ол Қалбайдың киімінде ешқандай дақтың, ал бетінде ешқандай жарақаттың болмағанын атап өтті. Алайда марқұмның әкесі сол күні түнде сарбаздармен сөйлескен, олар марқұмның есінен танған кезде шалбарына зәр жіберіп қойғанын айтқан. Бірақ медбике мұны жоққа шығарды.
- Алматыда Ұлттық ұлан сарбазы өзін атып өлтірді
- Жамбыл облысында әскердегі сарбаз асулы күйінде табылды
Жарабасова есінен танып қалған Әлібек Қалбайға қан қысымы түсіп кеткен соң кофеин және тамырға преднизолон уколын салғанын айтты. Алайда екінші дәрінің жартысы жүрмей қалып, қалғанын жамбасқа салған. Жарабасова барлық процедураларды бас дәрігердің айтуымен жасағанын алға тартты.
Сот медбикеден Қалбайдың есінен танған кезде жағдайы қандай болғанын сұрады. Жарабасова жүрек соғысын дәрігердің тексергенін, бірақ қан қысымының төмен болғанын айтты.
Әлібек Қалбай мен айыпталушы Айболат Аманжоловтың туыстары өздерінің алыстан келгенін айтып, сотқа келесі отырысты жақын уақытқа қоюды өтінді. Сот Әлібек Қалбайдың туыстарына ауылдарына қайтып, сот отырысына онлайн қатысуды ұсынды. Алайда Қалбайдың әжесі бұдан бас тартатынын білдірді.
“Қанша күн болса да күтуге дайынбыз. Немеремді, балапанымды өлтірген адамды көргім келеді”, – деді әжесі. Соттың келесі отырысы 27 тамыз күніне белгіленді.
18 жастағы Әлібек Қалбай 18 сәуірде әскери борышын өтеу үшін Ақтау қаласынан Жамбыл облысының Қордай ауданы Отар ауылындағы №30212 әскери бөлімшесіне келіп, 22 сәуірде жұмбақ жағдайда қайтыс болған. Таңғы сапта тұрғанда денсаулығы нашарлап, кейін госпитальда көз жұмған.