"Балаларымның өмірі үшін қорқамын": Дана Есеева президенттен тағы көмек сұрады
Блогер Дана Есеева қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен қамауға алынған күйеуі Мейіржан Төребаевтың ісіне қатысты президенттен тағы көмек сұрады. Айтуынша, Алматы полиция депратаменті тарапынан оған және оның отбасына қысым көрсетілуде. Белгісіз біреу департамент басшылығы атынан Есееваның үстінен қылмыстық іс қозғалатынын ескерткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Есеева күйеуінің қаржы пирамидасын жарнамалағанын растады. Ол үшін жазасын алуға дайын екенін айтты. Алайда Мейіржанның ұйымды құрушылардың қатарына кірмейтінін атап өтті. Тергеудің әділ жүргізілуін сұрады. Айтуынша, Алматы полициясы тарапынан оған және оның отбасына қысым көрсетілуде.
"Бударов пен Алматы полициясы басшылығының атынан белгісіз адам келіп, менің үстімнен қылмыстық іс қозғалатынын хабарлады. Мені қаржы пирамидасын құрушылардың бірі деп айыптамақ. Сондай-ақ күдіктілерден қайта жауап алынатыны, олардың Мейіржанды сыйбайлас деп танитыны айтылды.
Мен бұл актіні маған, күйеуіме тергеу органы тарапынан жасалған қысым деп қабылдаймын. Қарапайым азамат ретінде сізден көмек сұрағаннан басқа амалым жоқ", - деді Есеева.
Блогер президенттің жеке қабылдауына сұранды.
"Қасым-Жомарт Кемелұлы, мені жеке қабылдауыңызға шақырыңызшы, істі егжей-тегжейлі айтып беремін. Немесе Ішкі істер министріне мені қабылдау туралы бұйрық беріңізші. Мен бірнеше рет сұранғаныммен, мені қабылдамады", - деді блогер.
Есеева өзінің, жолдасының және балаларының өмірі үшін қорқатынын жеткізді.
/>