Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бағдаршамның сары түсіне бірнеше мәрте өткен жүргізушілер емтихан тапсырады

Көлікпен бағдаршамның сары түсіне өтіп кеткендерге қомақты айыппұл салынып, жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Stan.kz

Сонымен қатар бұдан кейін бағдаршамның сары түсіне бірнеше мәрте өткен жүргізушілер емтихан тапсырады. Ал емтиханнан құласа, жүргізуші куәлігінен айырылады. Бұдан бөлек, 55 мың теңгеден астам айыппұл төлеуге міндеттеледі. 

"Егер де бір жылда екінші рет осындай әкімшілік құқықбұзушылық жасайтын жағдайда ол азамат Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 591-бабы 2-бөлімімен жауапкершілікке тартылады. 15 айлық есептік көрсеткіш түрінде және де жүргізушіні жол жүру ережесі білімін тексеру нәтижесінде емтиханға жолдайды. Егер емтиханды тапсыра алмаған жағдайда 6 айға жүргізуші куәлігі тоқтатылады", – деді Астана қаласы полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Бауыржан Тоқжұманов.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, бұл ереже жолдағы апатты азайту мақсатында енгізіліп, жаңа талап жемісін бере бастаған. 



"Бағдаршамның сары түсіне айыппұл рәсімделгеннен бастап оң нәтижесін беріп жатыр. Наурыз айынан бастап енгізген уақыттан қазіргі таңға дейін ондай себептермен екі ғана, екі жол-көлік оқиғасы ғана тіркеліп, екі адам дене жарақатын алды. Ал бұған дейін, яғни, сары түсті кіргізбей тұрғанға дейін былтыр 23 болатын, 23 жол-көлік оқиғасы болып, 23 адам дене жарақатын алған", - деді Астана қаласы полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Бауыржан Тоқжұманов.

Алайда, қала тұрғындарының пікірі әртүрлі. Бірі жаңа тәртіпті қолдаса, енді бірі қарсылығын білдіріп жатыр. 

"Сары жанған кезде көліктің жүрмеуін, айыппұл келуін дұрыс деп есептеймін. Өйткені ол қаладағы кептелдісті азайтады деп ойлаймын және әртүрлі соқтығыс, апаттарды азайтады деп ойлаймын. Және өте дұрыс шешім негізі", "Мен әрқашан жасыл жанып-өшіп жатады ғой, сол сәтте мен өтіп кетемін. Өйткені сен жасыл жанып-өшіп жатқан кезде, мысалы 50-мен келе жатсаң, сен тежегішті бассаң, артта келе жатқан көлікпен соғысатын сәттер болады. Өзімде соңғы бір айдың ішінде сондай сәттер болды. Маған бұрынғыдай қала бергені дұрыс сияқты", – деді тұрғындар.

Қазір Астанада 13 мыңнан аса "Сергек" камерасы бар. Наурыз айынан бері 18 мыңнан астам ереже бұзу дерегін анықтады. Бұл айыппұлдардың жалпы сомасы 300 млн теңгеден асады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық жүргізушілер екі жолақты жолда бір тұтас сызықты кесіп өткені үшін куәлігінен айырылатыны туралы жазған едік. 

Талқылау