БАӘ Дубайдағы су тасқынының фотосы мен видеосын таратқандарға айыппұл салды
Біріккен Араб Әмірліктері билігі Дубайдағы су тасқынының салдарына байланысты фото мен видео таратқандарға айыппұл салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Gistmania порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: gistmania.com
Ел билігінің мәлімдеуінше, мұндай суреттер халықты әбігерге салып жатыр. Айыппұл материалдардың көлеміне байланысты және 1 миллион дирхамға жетуі мүмкін.
Өткен аптада Біріккен Араб әмірліктерінде соңғы 75 жылдағы ең жоғары жауын-шашын тіркелді. Апат салдарынан жүздеген рейс кейінге қалды немесе тоқтатылды. Әуежай мен Дубайдағы ең ірі сауда орталығы Dubai Mall су астында қалды. 289 қазақстандық Дубайда қалды.
Нөсер 18 сәуірде ғана тоқтады. Әбу-Даби билеушісі, БАӘ президенті шейх Мұхаммед бен Заид Аль Нахайян халыққа жолдауында билік "БАӘ-дегі инфрақұрылымның жағдайын тез арада тексеріп, келтірілген залалды реттеуге көшетінін" айтты.
Айта кетейік, бұған дейін 16 сәуірде Толассыз жауған жаңбыр мен дауылдың салдарынан Дубайды су басқаны туралы жазған едік.
Біріккен Араб Әмірліктерінің ең ірі қаласындағы су тасқынының видеосы әлеуметтік желілерде тарады.
Khaleej Times басылымының мәліметінше, ауа райына байланысты қаладағы метро қатынасы үзілген. Абу-Даби мен Дубайда көптеген ғимараттар мен аудандарда электр қуаты мен су үзілген.
Тұрақсыз ауа райы жағдайында Дубай билігі мемлекеттік қызметкерлер мен жеке мектеп оқушыларының қашықтан жұмыс істеу және оқу мерзімін ұзартты.