"Ажырасу үшін үш рет сотқа бардым": Баян Мақсатқызы бұрынғы күйеуінен көрген қорлығы туралы айтты
Танымал продюсер Баян Мақсатқызы "Без мишуры" youtube-арнасына берген сұхбатында бұрынғы күйеуінен көрген қорлығын және қандай қиындықтарды басынан өткізгенін айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеокадрдан алынған
Баян Мақсатқызы сұхбат кезінде күйеуінен таяқ жеген оқиғада халықтың әлі күнге дейін оны кінәлайтынын айтып ағынан жарылды.
"Бұрынғы Баян емеспін, болмаймын да шығармын. Адамдар менің таңдауымды, сол кезде жасаған әрекетімді құнсыздандыра береді. Екінші рет тұрмысқа шыққанымды дұрыс деп санамайды. Бақытты өмірді таңдағанымды, сүйікті болғанымды адамдар түсінбейді. Өмірімде болған оқиғалардың бәріне өзім лайықтымын. Құдайдың маған өз жоспары болған. Мұның бәрі жай бола салған нәрсе емес. Мүмкін, мен адамдарды ренжіттім, оларға сатқындық жасадым – осының бәрі өмірімде болған нәрселердің қайтарымы болып отыр. Иа, маған қай жағынан да бұл оқиға қатты ауыр тиді", – деді белгілі продюсер.
Продюсердің сөзінше, ол бұрынғыдан да мықты бола түскен. Бұдан бөлек Баян Мақсатқызы бұрынғы жолдасының оны жиі қол көтергенін еске салды. Сонымен қатар ол бұдан кейін ажырасудың амалын таппаған айтты.
“Маған қол көтерсе де, мен неге кетіп қалмадым? 21 жыл бойы тиранизмде өмір сүрдім деп айта алмаймын. Қорқынышта өмір сүрдім. Сол үшін кете алмадым. Себебі ол мүмкін емес еді. Қолым байлаулы болыпты, мен оны байқамаппын. Бірге тұрған екінші жылымызда ол маған қол көтерді. Заттарды жинап, баламды алып, одан кетіп қалдым. Үш рет сотқа бардым. Мені бірде бір сот ажырастырмады. Себебі кез келген уақытта сол саланың өкілдерімен келісім жасалды. Жас болдым, тәжірибем де жоқ. "Баян, ол жақсы жігіт, сені сүйеді, ажырасып қайтесің? Сен өз тұрғылықты жеріңдегі сотқа бар" деп жібереді. Оған барсам, олар басқаша сөйлейді. Солай 3 ай сенделдім. Үшіншісінде маған "әлі түсінбедің бе, біз сені ажырастырмаймыз" деді. Оның тарапынан қорқыту жиі болды. "Менен ешқайда кете алмайсың, сені жердің кез-келген жерінен тауып аламын, одан пайда жоқ" деп айта беретін. Бұл жайлы еш жерде айтпағанмын. Бірақ айтуға тура келіп тұр", – деді продюсер.
Бұдан қалды продюсер адамдардың оның әрекетін бұрыс деп санайтыны, бәріне өзін кінәлайтыны жанына бататынын айтты.
“Ол кезде мен қазіргідей керемет емеспін, телевизияда жұмыс істедім. Кейін шоу-бизнеске келген соң да 11 жыл бірге тұрдық, кете алмадым. Білесің бе, сол оқиға болған кезде маған ешкім көмектеспеді. Қай жаста, қашан кетсем де бұл солай аяқталатыны сөзсіз еді. "Ешқайда кете алмайсың, кез келген жерден тауып аламын" деп күнде айтқан соң сен де бұл сөзге үйренеді екенсің”, – деді Баян Алагузова.
Мұнымен қоймай продюсердің экс-күйеуі оған қатаң бақылау жасаған.
"Ол мені шексіз сүйді деп ойладым. Арманымның, қалауымның бәрін орындады. Балалар оны қатты жақсы көрді. Өте жақсы әке. Оның осындай жаман қасиетін санамағанда ол керемет әке, керемет күйеу. Ол мені жіті бақылайтын, геолакация қосып қойды. Қайда жүргенімнен , кіммен кездескенімнен, сол жерде қанша сағат болатыным – бәрін білетін. Яғни мен күн сайын "бүгін менде осы жерде кездесу, мына адаммен, сағат (мынанша да) деп бәрін айтатынмын. Күніне маған кем дегенде 10 рет соғатын. Үнемі бақылауда ұстайтын, "кіммен жүрсің, қашан шығасың" деп сұрайтын. Үйден қашу, үйде болмас үшін күні-түні жұмыс істейтінмін. "Баян, бұл сенің өмірің, басқалай болуы мүмкін емес, бар да жұмыс жаса" деп ойлап, қабылдадым. Өйткені жұмыс - одан құтқаратын жалғыз жол еді. Бір жақсысы – ол жұмысыма келіп, іздемейтін. Себебі локация арқылы бәрін біліп отыратын", –деді Баян Мақсатқызы.
Еске салайық, бұған дейін Баян Алагөзова күйеуінен зәбір көрген әйелдерге арналған өз орталығын көрсеткені туралы жаздық. Продюсердің айтуынша, жақында ғана ашылған ғимаратқа тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналған қыз-келіншектер бірден қоңырау шалып, балаларымен көшіп келген.