Қазақстандық жігіт әжесінің өлімін жасырып, үш жыл бойы оның зейнетақысын алып келген
Ақмола облысы прокуратурасы Зеренді ауданында зейнеткердің қаражатын ұрлау дерегін анықтап, іс қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: lvekuban.ru
Зеренді ауданының прокуратурасы жүргізген талдау қорытындысы бойынша, зейнетақы қаражатын ұрлаған азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
"Зейнетақымен қамсыздандыру мәселесін талдау барысында 2021 жылы Зеренді ауылында 1937 жылы туған зейнеткердің өз кезегінде марқұмның немересі оның зейнетақылық банк картасын қасақана иемденіп алғаны анықталды. Пайдакүнемдік себептермен, жеке басын байыту мақсатында уәкілетті органдардан қайтыс болу фактісін жасырып, марқұмның банк картасын пайдаланып, зейнетақы төлемдерін жүйелі түрде ұрлап отырған", –делінген Ақмола облысы прокуратурасының хабарламасында.
Ресми мәліметке сәйкес зейнеткердің немересі 4 миллион теңгеден аса ақшаны жымқырып, мемлекетке ірі көлемде зиян келтірген.
"Аталған факті бойынша Зеренді ауданының прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы ("Алаяқтық, бөтеннің мүлкін ұрлау немесе құқықты иемдену") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Зеренді аудандық сотының үкімімен қаскүнем кінәлі деп танылып, ол 3 жыл бас бостандығынан айырылды. Азамат жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді және айыппұл төлейді", – деді Ақмола облысының прокуратурасы.
Еске салайық, бұған дейін Бразилия астанасы Рио-де-Жанейрода әйел марқұм ағасының мәйітін банкке әкеліп, оның атынан несие алмақ болғанын жаздық. Қазір полиция оқиғаны тексеріп жатыр. Әйел 68 жастағы ағасының денесін мүгедектер арбасына салып әкеліп, 17 мың бразилиялық реал (3,2 мың доллардан астам) несие алмақ болған. Кадрлардан әйелдің қызметкерлермен сөйлескен кезде ер адамның басын қимылсыз ұстап, қол қою үшін қағазға қолын апарғанын байқауға болады.