Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Азаматтың Ashyq жүйесінде "қызыл" статусы өзгермесе, кімге жүгінуі керек

Егер коронавирустан толық жазылған азаматтың, Ashyq жүйесінде “қызыл” статусы өзгермесе не істеу керек? Бұл сұраққа ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

“ПТР нәтижесі кейбір зертханаларда түскен сынама санына байланысты 6 сағаттан 1 тәулікке дейін жасалуы мүмкін. Әрине, сол уақыттың ішінде зерттеудің нәтижесі шыққан кезде біріктірілген ақпараттық жүйеге жіберіліп отырады. Осы жүйедегі ақпарат арқылы Ashyq жүйесі байланыстырылғанын білеміз. Бұл процесс науқастың ЖСН-і дұрыс терілмеуі сияқты қателіктерге байланысты кей жағдайда кешіктірілуі мүмкін. Бірақ зертханаға сынама тапсырылған кезде ЖСН беріледі. Ондай сұрақтар болмауы тиіс. Егер болса, біз жеке бақылауға алып, оның нәтижесін тікелей бере аламыз", – дейді министрлік өкілі.

Бұған қоса, ол мұндай қателіктердің себебін түсіндірді. 

"Дегенмен, біз сол министрлікпен бірге өз мамандарымызды дайындап жатырмыз. Бүгін мен ұйымдастырушылар арқылы өзімнің телефон нөмірімді берейін. Сол арқылы өзіме тікелей байланыса алады. Біздің құзырымызда дайындалған 2 маман бар. Осындай сұрақтар болған жағдайда әрбір өңірге, әрбір зертханаға шығып, тікелей көмектесуге мүмкіндігіміз бар. Мәселе жоқ демейміз. Шынымен, ондай жағдайлар болуы мүмкін. Техникалық ақауларға, кейбір жерде интернеттің баяулығына байланысты осындай жағдайлар болуы мүмкін. Яғни әр сұрақты жеке шешіп, көмектесіп жатырмыз", – дейді Айнагүл Қуатбаева.

Еске салсақ, бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі жалған вакцинация паспортын алғандар қайтадан екпе салдыра ала ма деген сұраққа жауап берген еді. 

 

Талқылау