Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жалған вакцинация паспортын алғандар қайтадан екпе салдыра ала ма: Министрлік жауабы

Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Марат Шоранов жалған вакцина паспортын сатып алғандарды қайта вакцинациялау мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ол қазір жалған вакцинация паспортын салып алғандар қайтадан вакцина алуға өтініш бермегенін алға тартты. Алайда ондай айла қолданған адамдар тиісті жазасын алатын болады. 

"Денсаулық сақтау министрлігі бірінші кезекте халықты иммундауды сапалы жүргізуге мүдделі. Сондықтан ондай олқылықтардың жолын барынша қатаң түрде кесуіміз керек. Өздеріңіз білесіздер, Ішкі істер министрлігімен бірлескен жұмыс жүріп жатыр. Өңірлердің бәрінде дерлік жалған вакцина паспортын жасаған медицина қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Вакцина паспортын заңсыз жолмен сатып алу әрекеттерімен әлі де күресе береміз", – деген вице-министр әзірге жалған вакцина паспорты бар азаматтардан қайта екпе алу туралы өтініш түспегенін айтты.

Алайда Шоранов жалған паспорты барлар, қайтадан вакцина алуға өтініш беретін болса, оларға қайтадан вакцина салу мүмкіндігі қарастырылатыны айтылды. Дегенмен, ол бұл өте қиын процесс болатынын алға тартты.

"Бір кезде заңсыз тәсілге жүгінген, енді нағыз вакцина алғысы келетіндерге қатысты айтсақ, бүгінде бізге ондай өтінімдер келген жоқ. Жүгінген жағдайда ондай азаматтармен жұмыс істеуге дайынбыз. Бірақ бұл жерде бірқатар нормативтік-заңнамалық мәселелерді атқаруымыз керек. Яғни құзырлы органдардың тиісті мақұлдауы керек. Бірыңғай шешім шыққан кезде ол туралы мәлімдейміз", – деді Марат Шоранов.

Талқылау