Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Айжан Байзақова: Әкем түрмеден шықты, айтылуы тиіс нәрсе бар

Атышулы Айжан Байзақова алғаш рет отбасылық мәселені көпшілікке ашық айтты. Ол әкесінің істі болып, түрмеге тоғытылғанын, отбасының жүгін сол сәттен өзі арқалағанын жеткізді. Айтуынша, әкесі қарттыққа таяғанда өмірін темір тордың ар жағында өткізуге мәжбүр болған. 

Бұл туралы Байзақова желідегі парақшасында жазды. 

"Әкем жақында ғана түрмеден шықты. Бұл мені аяу үшін жазылған мұңды жазба емес. Мен үш жыл бойы үндемедім. Бұған дайын емес едім. Қазір есейдім. Өзгелердің бұл оқиғаны теріс жағынан пайдаланғанын қаламаймын", - деп бастады блогер сөзін.

Айжан әкесін түрмеге алып кеткен сәтін еске алды. 

"2018 жылдың наурызында 60 жастағы әкемді қолына кісен салып алып кетті. Ол ешкімнен жасырынған жоқ. Оны террорист, кісі өлтіруші секілді жетектеп әкетті. Бес жылға қамады. Сол сәттен бастап отбасының жүгі менің мойныма артылды. Біз әкемізбен қоштасып та үлгермедік. Мен тек әкеме дәрі апарып бердім. Анамның күйзелістен шашы түсіп қалды. Мен оны әр елге қыдыртып көңілін ауладым", - деді Байзақова. 


"Енді келсеңдер, атып тастаймын дедім": Айжан Байзақова өзін басынған жігіттер жайлы айтты


Айтуынша, әкесі немересінің де жүзін көрмеген. Тіпті, уайымдамау үшін ағасының қазасын да естіртпеген екен.

"Осылай үш жыл өтті. Атасы немересін көрген жоқ. Осы сәтте әкемнің туған ағасы қайтыс болды. Оны әкем білген жоқ. Әкемнің не үшін істі болғанын айтпаймын. Ол маңызды да емес. Оның дәл қазір бостандыққа шыққаны маңызды. Ол қазір отбасымен бірге. Бәрінің басында проблема бар. Инстаграмда көрген әлем-жәлемнің бәрі әдемі дүние емес. Қалғанын әкем кейін өзі айта жатар. Оған дайын болу керек. Айтылуы тиіс нәрсе бар. Ата-аналарыңызды қадірлеңіздер. Бұл жазбаны жаза отырып бір жеңілдеп қалдым", - деп жазды ол. 
Желідегі оқырманы оған қолдау білдіріп, енді бірі таңғалысып жатыр. 

"Кімнің басында не боларын ешкім білмейді. Бәріміз пендеміз", "Ол үшін ұялудың керегі жоқ", "Уайымыңыз бола тұра күліп жүрдіңіз, бұның өзі сабырлықтың белгісі", "Әке орнына әке болу оңай емес", "Бастысы қазір біргесіздер, құттықтаймын", - деп жазды олар. 

Талқылау