Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Айгүл Орынбек: Халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп жүрген қазақтың қарапайым қызымын

Елімізде соңғы бір-екі жылда айтулы саяси өзгерістер орын алып, халықтың санасы да жаңа арнаға ойысқан сияқты. Сол тың серпілістерге мұрындық болып жүрген жандардың бірі - заңгер, қоғам белсендісі, блогер Айгүл Орынбек. Әлеуметтік желілерде белсенді қазақтілді оқырмандарға етене таныс Айгүл ханым биыл президент жанынан құрылған Ұлттық кеңеске мүше ретінде кірді. Stan.kz тілшісі қоғам белсендісімен сұхбаттасып, жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаевты не үшін қолдайтыны, азаматтарды Сирияға соғысқа аттандырып жүргендер мен билік басында отырғандар жайлы пікірін білді.

- «Өзге ұлттың қасында жатқанша, қара жердің астында шіріп жатқан дұрыс мен үшін» деп Фейсбукта жазып қойыпсыз. Себеп не? 

- Оған тек бір емес, бірнеше себеп бар. Біріншіден, мен үшін ол ұлттық намысты жерге таптаумен тең. Әлемнің қай ұлтын алыңыз, қан тазылығы тек біздің қазақ ұлтында ғана сақталған. Екіншіден, отбасында ер азаматтың балаларына берген тәрбиесін де атап өту керек. Қыз баласы ұяда қандай тәрбие алады, қанша жерден есейіп, тіпті 20-30 жасқа, керек десеңіз 40-қа келсе де, о баста алынған тәрбие бәрібір қалады. Тәрбиенің бұрыс берілуі – ұлттың жойылуына да әкеп соғуы мүмкін. 

Үшіншіден, бізде қаракөз қыздарымыздың өзге ұлтқа тұрмысқа шығуына тек біржақты кінәлап, тіпті оның ата-анасына, өзіне қарсы пікірлер айтып, «Жетісіпті», «Ұлтын сатқан», «Байлық қуған» деп жатады. Бірақ, оның түпкі себебін де біліп алған жөн. Бәлкім ол қыз қазақ еркектерінен қорлық, азап көрді ме?

Бізде орда бұзар жасқа жетсе де, ата-анасына масыл болып, солардың тапқанын ішіп-жеп, үйінде отырып алып, «диван батыры» болатын жігіттер де жоқ емес. Сондықтан жігіттерге айтар едім, ұсақталмаңдаршы. Еркек болып, қыздарымызды алақанда салып жүрсеңдер, бәлкім өзге ұлттағылар біздің қыздарға көз салмас па еді? Ұлттың еркектері майдаланған сайын әйелдері өзге ұлттың қолында қолжаулыққа айналады. 

- Көп жазбаларыңызда орамал мен сақалдыларға, мешіт салып жатқандарға қарсы пікір білдіріпсіз...

- Менің жазбаларымды әркім өз деңгейінде қабылдайды. Негізі теріс ағымдардың тек біздің емес, кез-келген ел үшін қаупі жоғары. Бірі, асыраушысынан айырылса, екіншісі ұлт азаматтарынан айырылып жатыр. Одан өзге осы бір теріс ағымның кесірінен қаншама бала жәутеңдеп, қаншама келіншектеріміз талақтың құрбаны болып отыр. Діннің атын жамылып, елдің қауіпсіздігіне қол сұғуға бағытталған арам пиғылдылар артып келеді. Бұл біздің елдің қауіпсіздігіне ғана емес, тәуелсіздігіне де қатер төндіреді деп нақты айта аламын!

- Мұхамеджан Тазабекті өзге ағымның адамы деп ойлайсыз ба? Көп жерде оның уағыз айтуына қарсылық білдіреді екенсіз... 

Естеріңізде болса, Мұхамеджан Тазабек осыдан екі жыл бұрын қауіпті террористің жазбасын өзінің фейсбук желі парақшасында бөліскен, содан-ақ ол кісінің қай ағымда жүргенін аңғаруға болады. Тағы қосарым, біле білсеңіз, өзге ағымда жүргендердің қайсысы мен теріс ағымның адамымын деп жарияға жар салыпты? Сол себепті бұл сұраққа өзі жауап берсін! Ол кісіге әлеуметтік желіде ашық сұрақ қойғам, "сіз қай ағымдасыз?" деп, жауабын әлі күтіп жүрмін! Яғни таза адам баяғыда өзін ашып айтар еді.... 

Дарын Мубаровтың уағыздарын тыңдағандар Сириядан бір-ақ шықты. Сириядан келгендер сотталып кетті. Дарын әлі бостандықта жүр! Ал оны тыңдаған жас жігіттердің өмірлері талқандалды. Біздің билік өз қателіктерінен  сабақ алмайтын болып отыр. Ел еркектерінің миын улап, зомби сияқты ұстаған біздің билікке тиімді-ау деп ойлаймын. Бұл кісі де биліктің бір қол шоқпары болуы әбден мүмкін. Ел аралап, уағыз айтып жүргеніне қарағанда. Ертең қасіретін халық көреді!

- Біздің елде заңның күшінен гөрі ақшаның күші басым, кей жағдайларда заң тек қағаз жүзінде ғана қалып қойып жатқан әсер жоқ па?

- Шынымды айтайын, осы ретте Арыс оқиғасы еске түсіп отыр. Жергілікті билік «құрылыс бітті, жұмыс сапасы бірінші орында, бәрін «қатырдық» деп жоғары жаққа есеп бергенде қатты қынжылдым. Өйткені мен соңына дейін бұл төтенше жағдай көптің есін жидырды деп ойладым, соған сендім. Бірақ, өкінішке орай олай болмай шықты.


Тағы оқыңыз:


Қаншама рет Арысқа барып, халықтың мұң-мұқтажын, уәжін тыңдап жүрдім. Әлі де маған ашынып проблемасын айтатын, құрылысқа қатысты наразылығын білдіретін халық жоқ емес. Тіпті сенесіз бе, Арыстағы құрылыс жұмыстарын айтып шырылдып, қанша басшының есігін қағып, табан тоздырдым. Түркістан облысы әкімі Шөкеевтен  бастап, облыс прокуроры, өзге де шенеуніктердің жеке қабылдауында болдым.

Сол кезде қатты жүрегіме батқаны, ел сеніп отырған атпалдай азаматтардың арыстықтардың проблемасына аса бас қатырғысы келмейтіндей көрінді. Әкімнің өзі мені “көшеден келген” деген сөзбен қарсы алды. Менің өзімді менсінбей отырған шенуніктер, қара халықты қайтсін? Құр тек қағаз үшін бәрі бітсе болды деген бейнелерді көрдім.

Шынымды айтсам, шырылдап жанайқайын айтқан халық пен жылы креслосында отырған басшыларды көріп, бұл елден безіп кеткім келген кездер де болды. Бірақ, отаным осы жер.  

- Қазіргі саяси өмірде көңіліңіз неге толады? Неге толмайды? Саясатқа заңгер ретіндегі көзқарасыңыз? 

- Біздің Ата заң  жоғарыда отырған кейбір шенеуніктер үшін ойыншық секілді. Елдің, қараша халықтың қамын ойлайтындардан, бас пайдасын жоғары қоятындар көп. Мұндай жемқорлыққа толған елде біз секілді белсенділерге өте қиын.

Кейде халық «Сен неге біздің мәселені көтермейсің?» немесе «Біздің проблемамыз шешілмеді» деп ашынып жатады. Мен ойлаймын мұның бәрі уақытша. Бастысы, бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз. Жоғарыдағы ағалардың көздері ашылып, өзінің жеке қамының емес, елдің мүддесін жоғары қоюды үйренер шағы алыс емес деп сенемін. 

- Ататүрік сияқты президент керек депсіз. Қалай ойлайсыз, ондай басшы бізге қашан келеді? 

-  Қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа мүмкіндік берілсе, ол кісінің Ататүріктен кем жұмыс істемейтініне сенемін. Тоқаевқа дәл қәзір қолдау керек, бұрыңғы жеп қалған ауыздарды орындарынан алу оңай болып жатқан жоқ. Сатқындық, жағымпаздық жайлаған заманда президентке де оңай емес!

- Өзіңіз саясатқа барар ма едіңіз? Барсаңыз, неден бастайсыз? Нені өзгертесіз? 

- Кез-келген азаматтың саясатқа қатысы бар. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз. Саясатпен айналыспасаң да, саясат өміріңе сенің сұрауынсыз араласады. Ал сіздің сұрап отырғаныңыз, шенеунік атану, белгілі бір лауазымға талпыну туралы болса, ондай ой тіпті миыма да кіріп шықпапты. Алдағы уақытта да болмайды деп ойлаймын. Мемлекеттік қызметке ешқашан бармаймын. Себебі ол жаққа барсаң, сен қаласаң да, қаламасаң да, көп жәйтқа көз жұмуың қажет. Ал ол менің болмысыма тән емес.  Менің осылай халық арасында, еркіндікте ұшып жүргенім дұрыс!

- Жазбаларыңызда президентке, билікке деген ашық-ашық үндеулеріңіз бар екен. Қорықпайсыз ба? 

- Үндеулерім мен наразылығымды тоқтатпаймын. Себебі саяси ойындардан не болмаса әлдекімдердің қоқан-лоққысынан қорықпаймын. Мен тек бір Алладан ғана қорқамын! Мен ойлаймын, біз секілді ойын ашық жеткізе алатын белсенділер қатарының артуы елде оң өзгерістердің орын алуына өз үлесін қосады. 

Кейде жергілікті әкімдер жұмыс істемей жатқанда, ашуға беріліп президентімізге ашық  айтып жатамын. Ол үшін президент маған кешіріммен қарайды деген үміттемін! Өз жеке басымның емес, халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп жүрген, қазақтың қарапайым қызымын! 

Халықтың жағдайы дұрыс болса, ауыл-аймақтағы әкімдер дұрыс жұмыс жасаса, президентке сөз тимес еді. Бізде әкімдер өздерін Құдайдай санайды. Сол себептен ауыл-аймақтағы халықтың жағдайы дұрыс емес! Ауыл-аймақтағылардың әлеуметтік жағдайлары дұрысталмай, мемлекеттің жағдайы оңалмайды. 

- Биыл президенттің бастамасымен құрылған ұлттық кеңеске мүше болып кірдіңіз, ондағы позицияңыз қандай? 

- Ең басты позициям - халық пен биліктің арасында елді мазалаған проблемаларды жеткізу. Маған ауыл-аймақ халқы хабарласып көмек сұрап жатады, ұлттық кеңес құрамына қабылданған соң хабарласушылар саны артты. Елдің проблемасын көтеріп жүретін белсенділерді «қолдарынан не келеді дейсіңдер» деп жататындар жоқ емес. Өтірік емес, бізде көбіне орыстілді белсенділердің дәуірі жүріп тұр. Орысша жаздың ба, сенімен өзгелер санасуға тырысатындай. Қаза тілді белсенділердің де айтары бар, оларды екінші сортқа шығарудың қажеті жоқ. 
- Үкіметке, президентке елдегі келеңсіз жағдайларға ашынып, көп хат жолдайсыз. Жауап бар ма? 

Әрине, жауап келмесе, халық біз секілді белсенділерге сенім артпас еді ғой. Көтерген мәселелеріме жауап келеді, тек дін мәселесіне келгенде биліктегілер де, сол салада жүргендер де үнсіз қалып жатады. Қанша ойланып, оның жауабын еш таба алмадым. Бірақ бұл мен дінге қатысты мәселені көтеруді тоқтатамын деген сөз емес. Өйткені тұтастай ұлттың артып, елдің дамуы немесе керісінше, бір сәтте жойылуы дін саласына қатысты. Оған мысалы мынау Ирак, Ауғанстан, Сирия елдері! 

Біз елімізді сақтап қалу үшін, ата-бабаларымыз аманат қылып кеткен салт-дәстүрімізді сақтап қалуымыз керек!

 

Сұхбаттасқан: Жанна МӘЛІК

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

Талқылау