Айгүл Елшібаева: Хиджабты мұсылман қазақтың тарихында болмаған ұлттық киім атауына қоспаңдар
Дәстүрлі қазақ әншісі Айгүл Елшібаева жанайқайын айтты. Әнші хиджаб киіп жүргендер мен оны насихат ететіндерге қарсы. Хиджаб қазаққа жат деген ол қарапайым халықты адастырмауға шақырады.
"Қазақ ислам дінінде болмағандай басқа жақтан дін оқыған адасқандар қазақтың ұлттық киімінен бездіріп тек жаздық климатта өмір сүретін арабтың тек құм дауылына киетін хиджабын мұсылман қазақтың тарихында болмаған ұлттық киім атауына қыстырмаңдар.
Орамал кимешектен, жаулықтан садаға кеткір. Қағынан жеріген өзге ұлттың мәдениетіне құл болып, өз ұлтының мәдениетінен жиренген сатқындар. Алла Құранда хджаб емес бүркеніш деген. Сендерді ұлт-руларға бөлдік десе, тек араб деген ұлттың киімін ки демеген.
Біздің Қазақстанның климаты қыс, көктем, жаз, күз болғандықтан қазақ киім үлгілеріне бай ұлт. Хиджаб деп қақсағандар қақаған қыста қағымен қатып қалмасаң, қыста неге бөрік киіп жүрсіңдер?
- "Сары түйіншекке дуа оқып береді", "Өзіне келу үшін дуалайды": Елшібаева Құралай ханымнан сабақ алғандардың хатын жариялады
- "Бір ай бойы ораза тұту Құранда жоқ": Дін туралы насихат айтып жүрген Жанар Байсемізова ораза туралы айтты
Көшеде қыздардың шашы еркектің нәпсісін оятады дейсіңдер. Сендерге көше ылыққан еркекке толы болды ғой.
Қазақ қос бұрымды, қолаң шаш қызына орамал тақпаған. Қыз бала тақия, төбетей, келіншек - сәукеле, қасаба, жаулық, әже - орамал, кимешек киген. Алла тура жолдан айырмасын", - деп жазды Елшібаева парақшасында.
Желі қолданушылары сабырлық тілеп, өз ойларын қосты.
"Сабыр, Айгүл, сабыр. Солар қара жамылғандар көбейіп бара жатыр. Енді 20 жыл өтсе қалай болар екен деген ой мені де мазалайды. Жоғарыда отырғандар осыларды неге бетімен жіберіп қойып отыр?", "Бетін тіліп тұрып айттыңыз-ау. Менің әжем көлдей жаулықты әдемілеп тартатын. Кимешегіде болды. Бірақ хиджап деген сөзді естіп көрмеппін сол кісіден.... Етегіне сүрініп ұзын кигенін де көрмеппін", "Талай адам айта алмай отырған жайттың басын ашып, үге-шүгесіне дейін түсіндіргеніңе мың да бір алғыс, сізге".
"Ақиқатын Алла біледі, елді адастырмайық", "Шашты жайып жүргендерге неге ұрыспаймыз? Шашты жайып жүргенше, хиджаб киіп жүрген қайда жақсы емес пе?", "Хиджаб емес орамал дейік, солай орамал тағып жүре берсін", - деп жазды олар.