Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әйелінің атына алты несие рәсімдеген": Түркістан облысында қызын зорлаған өгей әкеге сот үкім шығарды

Түркістан облысында өгей қызын зорлаған әкеге сот үкім шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz. порталына сілтеме жасап. 

Ақтолқын 29 жасында тұрмысқа шығып, бір қызды дүниеге әкелген. Ал 4 жылдан кейін күйеуі жол апатынан қайтыс болыпты.

Арада 8 жыл өткен соң баласы әкесіз өспеуі үшін Түркістан облысы Шаян ауылының тұрғынына екінші рет тұрмысқа шыққан.

"Мен оны өз баласындай жақсы көреді деп ойладым. Бірақ, бәрі олай болмады. Бірде дүкенге барып келсем, қызым үнсіз, көңіл күйсіз отыр. Мен не болғанын сұрадым, ол үндемейді. Ал жаңа жылдың алдында жолдасым екеуміз оның сыныптастарына отырысқа бардық. Ол ішіп келіп, үйде жалғастырды. Осыдан кейін ол менің қызымды қорлай бастады. Мен оны қорғадым, ол мені ұрып, басымды қабырғаға соқты. Оянғанда оның қызыма не істегенін түсіндім", – дейді Ақтолқын.

Осы оқиғадан кейін жұмыссыз залым әке Ақтолқынның атынан 6 несие рәсімдеген. Ұрып-соғуын жалғастырып, үйден шығармай қойған. Ал қызына өгей әкесі ұдайы қол көтерген. Әйел полицияға хабарласуға тырысқанымен бәрі нәтиже бермегенін айтады. Қолайлы сәт туғанда Ақтолқын қызымен бірге туыстарына қашып кетеді.

"Шымкентте тұратын ағама келдім. Қызым екеумізге не болғанын айтуға қорықтым. Ағама күйеуім маған 6 несие рәсімдеп, төлемегенін айттым. Осыдан кейін мен бірден осы дағдарыс орталығына келдім. Олар маған арыз жазғызып, бұрынғы күйеуімді 20 жыл темір торға отырғызуға көмектесті", – дейді Ақтолқын.

Олар ақыры қылмыскердің кінәсін дәлелдеп, сот оны 20 жылға бас бостандығынан айырды.   

Дағдарыс орталығының директоры Малика Жүсіпованың айтуынша, қылмыскерді түрмеге отырғызу үшін әділдікке жету оңай болмапты.

"Процесс өте ұзаққа созылды, жүйке тозды. Көптеген түсініспеушіліктер болды, олар істі жабуға тырысты. Бірақ, жақсы заңгердің арқасында ол 20 жыл лайықты жазасын алды. Алғашында сот-медициналық сараптамадан ол бас тартты. Ол бізге нақты мәлімет бермеді, бірақ біз сот-медициналық сараптама арқылы,  іш киім арқылы дәлелдеуге қол жеткіздік. Олар шындықтың дәлелденгенін қаламады", – дейді дағдарыс орталығының жетекшісі Малика Жүсіпова.

45 жастағы Ақтолқын бір жылдан бері 14 жасар қызымен дағдарыс орталығында тұрып жатыр. Әйел 6 несиенің 3-еуін жауып, сағатына 300 теңге жалақы алатын сауда орталықтарының біріне еден жуушы болып жұмысқа орналасқанын айтады. Ақтолқын бүгінде өз баспанасы болуын армандайды, қызының жоғары оқу орындарының біріне грантқа түсуі негізгі армандарының бірі.

Талқылау