Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әйел құқығы – ел құқығы": Алматыда зорлық-зомбылыққа қарсы феминистік митинг өтті (видео)

Алматыда 8-наурызда М.Ганди атындағы саябақта “Әйелдер автономиясы үшін: сексуалды зорлық-зомбылыққа қарсы” феминистік митинг өтті деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Митингке 500-ден астам адам қатысты. Халықаралық әйелдер күніне орай шерушілер тұрмыстық зорлық-зомбылық пен сексуалды харассментке қатысты заңды күшейтуді талап етті. 

Шеру Алматы қалалық әкімдігінің рұқсатымен екі сағатқа созылды. “КазФем”, “Феминита”, “ФемАгора” және т.б. феминистік қозғалыстардың белсенділері ұйымдастырып, талаптарын айтты. Олар тұрмыстық зорлық-зомбылықты әкімшілік жазадан қылмыстық жауапкершілікке ауыстыруға, сонымен қатар билікті жыныстық харассмент туралы заң қабылдауға шақырды.

Сондай-ақ, әйелдердің биліктегі үлесін көбейту, Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына үміткер әйелдерге дауыс беру және Қазақстан Стамбул конвенциясына және Еуропа Кеңесінің әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы халықаралық келісіміне қосылу мәселелері көтерілді.

Митинг SVET қоғамдық қорының негізін қалаушылардың бірі Мөлдір Албанның тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған көрініспен басталып, 2022 жылы жұбайының қолынан қаза тапқан 400 жәбірленушінің құрметіне бір минут үнсіздік болды.

Әйелдер мемлекетке төлейтін салықтары өздерінің қауіпсіздігі үшін жұмыс істеу керек екенін мәлімдеді.



Депутаттыққа кандидат, ЛГБТ өкілдерінің құқығын қорғаушы,  "Феминита" қазақстандық феминистік бастамасының белсендісі және тең құрылтайшысы Жанар Секербаева да сөз сөйлеп, феминистік қозғалыстардың маңыздылығын түсіндірді.

"Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 30 жылдық заң жобасы талқылануда, бірақ әлі қабылданбады. 2023 жылдың наурыз айында Немолчи.kz қорына 244 әйел көмек сұрап жүгінген. Бұл – сегіз күн ішіндегі статистика. Сегіз күнде екі әйел зорланып, бір әйел күйеуінің қолынан қаза тапқан", – деді Секербаева.

Сондай-ақ, “ФемАгора” белсендісі Фариза Оспан,  “КазФем” негізін қалаушы Вероника Фонова, құқық қорғаушы Татьяна Чернобыль, Tozbe мобильді қосымшасын жасап шығарған Мира Оңғарова, т.б. белсенділер ортада сөз сөйлеп, қыздарды жігерлендірді. Тегін заң көмегі ұсынылатынын мәлімдеп, зорлық-зомбылыққа душар болған кезде 150 нөмеріне хабарласу керегі хабарланды.

“Бәріміз әйелден жаратылдық, әйел – ол ана. Бірақ неліктен билік аналарымызға арнап заң шығаруға құлықсыз?!” – деді белсенділердің бірі.

“Әйел құқығы – ел құқығы”, “Зорлықшыға ауыр жаза”, “Гүлдер гүлзарға – құқық әйелдерге”, “Зорлану – ұят емес, зорлау – ұят” сынды лозунгтар айтылды.

Сонымен қатар, шеруге қатысушы еріктілердің мәлімдеуінше, арада митингтің өтуіне қарсылық танытып, тас лақтырып, бұрыш баллон сеуіп, арандату әрекетін жасағандар болды.

Алматыда төрт жылдан бері 8 наурызда феминистік митинг және марш өткізу дәстүрі жалғасуда. Бірақ биыл маршқа рұқсат берілмеді. Осыған дейін әкімдік феминистік митинг пен марштың өтуіне рұқсат бермегендіктен, 23 ақпанда “Митинг үшін митинг” атты шеру болған еді. Содан кейін 15:00 және 17:00 аралығында митинг өткізуге рұқсат берілді.

Талқылау