Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда тергеу изоляторының басшысы моншада пара алып жатқан жерінен ұсталды

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті тергеу изоляторының бастығына қатысты қандай бап бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: dzen.ru

25 тамызда БАҚ-та құқық қорғау органы қызметкерінің ұсталғаны хабарланды. Ол Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті №75 мекемесінің басшысы міндетін атқарушы болып шықты. Ұлттық қауіпсіздік комитеті оны жеке моншада 500 мың теңге көлемінде пара алып жатқан жерінен ұстаған. 



Ұлттық қауіпсіздік комитеті бастығының бірінші орынбасары А.Мұқашевтің мәліметінше, қазір Қылмыстық кодекстің 366-бабының 1-1-бөлігі (Құқық қорғау органы қызметкерінің немесе құқық қорғау органында жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның пара алуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

“Бұл бап пара сомасының жиырмадан елу есеге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуды немесе белгілі бір қызметпен айналысу, не белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, мүлкін тәркілеумен қатар бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады”, – делінген хабарламада. 

Ал Атырау облысының Антикор қызметі мекеме өндірісінде тергеу изоляторы бастығының пара алғаны туралы іс жоқ екенін мәлімдеді. 

Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысында полицейлер қызметтік көлікпен мотоцикл мінген 17 жастағы баланы қағып өлтірді деген күдікке ілінген еді. 

Талқылау