Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысында қамыс өртенуде: Тілсіз жауды сөндіруге тікұшақ жұмылдырылмақ

Атырауда сулы-батпақты жерлерде өртенген қамыс екі аптадан бері жануда. Салдарынан жеңіл өсімдіктің күлі облысқа жайылған. Тұрғындар осы себептен тамақ пен бас ауруына шағымдануда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Өрт туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы полковник Асхат Ержанов мәлімдеді.
“20 қыркүйек күні сағат 08:57-де  Атырау қаласы, Кеңөзек ауылы, Каспий теңізінің жағалауындағы Тасқала ауылынан 40 шақырым жерде қамыстың жануы орын алды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, жану аумағы ұлғайып, шамамен 60 гектарға жеткен. Өртті сөндіру жалғасуда. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ”, – деді Асхат Ержанов.

Департаментте жедел штаб құрылды. 21 қыркүйек күні 07:00 сағатта Кеңөзек селолык округінде орын алған өртті әуеден сөндіру жумыстарына "КазАвиаспас" АҚ арқылы МИ-8 тікұшағы пайдаланылмақ. 

Сондай-ақ полковниктің сөзінше, қазіргі уақытта өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің 31 қызметкері және 10 техникасы, 1 су көлігі, "Ақ Жайық" мемлекеттік табиғи қорығының 20 жұмысшысы және 5 техникасы, жергілікті атқарушы органдардың 3 жұмысшысы мен 3 техникасы, ерікті өрт сөндіру жасағының 15 адамы мен 2 бірлік техникасы жұмылдырылған.

Оқиға орнында TREKOL жол талғамайтын көлігі батпаққа батып, жанып кеткен. Оның ішінде болған екі қызметкер қауіпсіз жерге көшірілді.



Атырау тұрғындары әлеуметтік желіде қалада өрт иісі шығып, күл-қоқыс ұшып жатқанына шағымдануда.

"Қамыс жыл сайын өртенеді. Алайда бұл мәселені ешкім шешуге тырысып жатқан жоқ. Биылғы жылы жел қалаға қарай соққандықтан түтін мен оттан дем алу мүмкін емес. Өрт 4 күн бойы жалғасуда. Жергілікті билік дәрменсіздік танытып отыр", – деді тұрғындар.

Атыраудағы өртті ауыздықтау үшін тікұшақ пайдаланылмақ.

Талқылау