Атырау облысында дәрігерлер қызмет пәтерінен шығарылып жатыр
Атырау облысы Жылыой ауданы ауруханасының қызметкерлерін бір ай ішінде қызмет пәтерлерін босатып, шығуларын талап етіп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Сурет: КТК түсірілімінен скриншот
Атырау облысы Жылыой ауданындағы орталық аурухананың дәрігерлеріне 2016 жылы әкімдік қызмет пәтерін берген. Жалға берілген баспананы кейін сатып алу құқығы қарастырылған. Бірақ үш жылдан кейін құзырлы органдар бұл шартты бұзып, қызмет пәтері ретінде қалдырған. Ақ халаттылардың айтуынша, енді әкімдік аяқ астынан бір ай ішінде баспананы босатуды талап етіп отыр. Мұндай хабарламаны естіген дәрігерлер өздерін шарасыз сезінуде, өйткені бірі – көпбалалы ана, бірі – қырық жылдық еңбек өтілімі бар ардагер.
“Ауданда жұмыс істегеніме 35 жыл болды. Алты жылдан бері отбасылық дәрігермін. Күні кеше шарттарыңыздың бітуіне байланысты үйді босатыңыз деген хабарлама келді. Бұл үйді алғанымызға жетінші жыл. Қазақстан тұрғын үй кодексі 109-бабында бұл үйді 10 жыл жұмыс істегенде, үстеме ақымен алуыма болады екен. Бірақ тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының адамдары қайта-қайта келіп, кілтті тапсырсын деп жатыр” – дейді үй алған дәрігерлердің бірі.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, пәтерлер жас мамандарға берілмек. Кезінде медицина мамандарын да ауданға қызметтік баспана береміз деп шақырып алған. Енді оларды тұрғын үй заңын бұзды деп айыптап отыр екен.
“22 қазанға дейін үйді босатуымыз керек. Себебі ҚР Заңының 107 бабын бұзды дейді. Бұзақылық не айқай-шу орын алған жоқ, үшінші адамға үйді жалға бермедік, қалай бұзғанымыз, нені бұзғанымызды білмейміз” – деді тағы бір маман.
Қызмет пәтерлері 2016 жылы 16 дәрігерге берілген. Бір қызығы, дәл осы ықшам ауданында тұратындарға ғана баспананы босатуды талап еткен ескерту қазағы келген. Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы бұл хабарламаны түсіндірді.
“Хабарлама бәріне беріліп жатыр. Егер сол үйде адам тұрса, ешкім оларды мәжбүрлеп қумайды. Алайда баспананы мақсатсыз пайдаланса, сот арқылы шығарылады” – деді Жылыой ауданы ТКШ бөлімінің басшысы Еркебұлан Аққұсов.
Әкімдіктегілердің айтуынша, қызмет пәтерлеріне қатысты көршілерден жиі шағым түседі екен. Мемлекеттің меншігіндегі баспанада тұрып жатқан 40 қызметкерге ескерту қағазы жолданған.