Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Атып өлтіріп, өздері суши жеуге кеткен": Алматы облысында көз жұмған жігіттің жақындары сұмдық оқиға жайлы айтты

Алматы облысы Іле ауданына қарасты Түймебаев ауылында адам шошырлық адам өлімі болды. Марқұмның жақындары қылмысқа қатысты іске көңілі толмайды.

Бұл туралы “Сөздің шыны керекте” айтылды. 

32 жастағы азамат 17 мамыр күні көлігін жөндетуге барып, адам қолынан қаза тапты. Ауылдағылар, марқұмды екі көлікпен жүрген жігіттер қуып жүріп, атып өлтіргенін айтады. Тіпті қансырап өлген жігітті көліктеріне салып алып, біреуінің ауласына апарып көміп тастаған, одан кейін өздері сушиге тапсырыс беріп, қыдырып кеткен көрінеді. Бұл іске қатысты да жәбірленуші тарап полиция жұмысына көңілдері толмайтынын айтады.

Түймебаев ауылында қайтыс болған азаматтың жақындарына берген қайтыс болғаны туралы анықтама берілген. Өлім себебі, кеудесіне, басына, қол-аяғына тиген оқтың салдарынан ішкі ағза мүшелерінің зақымдануы деп көрсетілген. Көлікте марқұмның қолының қан іздері қалған. Сол көлікке кіріп, өзін өлтіргісі келгендерден еңбектей қашып құтылмақ болған. Бала-шағаның көзінше тапа-тал түсте болған қылмыстық жағдайдың куәгерлері көп. Бірақ олар көргенін айтудан қорқады.

32 жастағы Игорь Церцов 16 мамыр күні Түймебаев ауылында сыныптасының үйіне көлігін жөндетуге барған. Бара сала көлігін қалдырғаннан кейін, осы ауылға таныстары келеді. Соларға ауылдағы үйіне жетіп аламын деп отырған дейді сыныптасы.

“Ол көлігін маған тастап кетуі керек болған. Оның артынша біреулер келіп айғайлай бастады. Ол үндемеді де, солардың көлігіне отырып кетті”, – дейді сыныптасы Вадис Конунов. 

Содан кейін Игорьді аман көрген ешкім жоқ. 


Алматы облысында жеті баланың әкесі: Құда балам полицейлермен қорқытып 1 миллион теңгемді алып кетті

“Ана жақтан көп көлік келе жатты. Ұлымның көлігі қан-қан болып тұрды. Адамдар атыстың ауыл шетіндегі тоған жақтан басталғанын айтады. Бір рет атқан, кейін осы жерде соңғы рет атып өлтірген деді”, – анасы Татяна Старикова. 

Марқұм көліктің ішіне жасырынбақ болғанда өлтіріп, денесін көліктеріне салып алып кетті дейді білетіндер. Екі көлік қатар жүрген. Алайда бала-шағаның есін алған бұл оқиғаны тұрғындар айтудан жасқанады. 

“Маған бәрі ауыр тиіп тұр. Оны көзімен көрді. Қанша адам куәгер болды, бірақ білгендерін айтудан бас тартады. Маған неге көмектеспейді? Бәрінің көзінше болды ғой. Көмектессе екен. Малды атқан жоқ қой, адамды атып кетті”, – деді марқұмның әйелі Наталья Борисова. 

“Марқұм қашқан, оны қуып жүріп атқан. Денесін көліктеріне салып алып кетіп қалған”, – деді ауыл тұрғыны. 

Қазір бір күдікті қамауға алынған. Бірақ сол күні күдіктінің қасында жүрген бауыры мен әкесі, денесін жасыруға көмектескен жақындары неге қамауға алынбайды дейді жәбірленушілер. Олар тіпті күдіктінің үйіне барып, туыстарымен сөйлеспек болды. 

Игорь Церцовтің артында Аиша есімді 3 жасар қызы, әйелі қалды. Жақындары ислам дінін қабылдаған азаматтың жаназасын шығарып қоштасты. 

Марқұмның денесі Іле ауданына қарасты Төлеби ауылынан бес шақырым жерде оқ дене жарақаттарымен табылғаны айтылған. 

“Тексеру барысында өзара араздығы үшін марқұмды белгісіз тапаншамен өлтірген. Күдіктінің ағасы мен әкесі қылмысты жасыру мақсатында мәйітті көмуге көмектескен. Бұл жағдайда күдіктінің жақын туыстары болуына байланысты оларды жауапқа тарту заңда қарастырылмайды”, – делінген Алматы облыстық полиция жауабында. 

Яғни атыс кезінде қасында жүрген, мәйітті көмуге көмектескен азаматтардың қылмысқа мүлде қатысы жоқ деген сөз. 

Талқылау