Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қай жерде тұратынымызды ешкім түсінбейді": Қарағанды облысындағы атауы жоқ ауылдың тұрғындары өз мәселелері жайлы айтты

Қарағандыдан бес шақырым жерде аты жоқ ауыл бар. Елді мекенде 200-ге жуық адам тұрады. Алайда олар заңды түрде 30 шақырым жердегі Тұзды ауылына тіркелген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасының жаңалықтар бөліміне сілтеме жасап. 

аты жоқ ауыл

200 тұрғын өз ауылдарын атаусыз деп атайды. Бұрын бұл теміржолшылар ауылы болған. Алайда 90-жылдардың басында бригада жабылып, жерді 30 шақырым қашықтықтағы Тұзды ауылдық округына бекіткен. 

"Бізді Тұзды ауылына, Тұзды совхозына қарайды деп айтады. Қай жерде тұратынымызды ешкім түсінбейді, саяжай ма деп те сұрайды, өзіміз де білмейміз", - дейді 117 тіркеу кварталының тұрғыны Рахат Мұхамедияров. 

Ауылды “Тұзды ауылының 117 тіркеу кварталы” деп атайды. Алайда мұндай мекен-жайды навигаторлар таппайды екен. Облыс орталығы 5 шақырым жерде болса да, тұрғындар кей қызметті ала алмай отырғанын айтады. 

"Ауылдық дәреже мен нақты мекен-жай жоқ. Жедел жәрдем шақырсақ, ұзақ күтуге тура келеді. Олар біздің мекен-жайды анықтай алмайды. Тіпті операторға да ұзақ түсіндіреміз", - дейді Айнагүл Жүнтаева. 

Бірақ тұрғындардың басты мәселесі бұл емес. Ауылдық дәрежесі болмағандықтан, маңайдағы жерлер жеке қолдарға өтіп кеткен. Мұнда мал жайылатын өрістің көп бөлігі көрші облыстан келген фермерлердің егіс алаңына айналған дейді. 

"2020 жылы "Тұзды Агро" ЖШС жерлері мемлекеттік қажеттіліктер үшін алу жайлы қаулы қабылданған. Қазір жер телімі 1 200 гектарға бөлінген. Ал тұрғындарға өзге ауылдық округтардан жер беріледі. Бұл осы аймақты қосымша жер телімінің жоқ екенімен байланысты", - деп мәлімдеді Бұхар Жырау ауданы әкімінің орынбасары Арман Дардаков. 

Тұрғындардың айтуынша, берілетін жерге тағы бір үміткер пайда болған. Қазір жер мәселесі сотта қаралып жатыр екен. Ал ауыл атына қатысты сұрақ бірнеше жыл өз жауабын таппаған.  
 

Талқылау