Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ата-ананың қаражатқа қатысы болмайды": Министр Ұлттық қордан балалар есепшотына аударылатын қаржының қалай басқарылатынын айтты

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Ұлттық қордан балалардың шотына аударылатын қаражатты ата-ана басқара ала ма деген сауалға жауап берді. Сөзінше бұл қаражат баланың кәмелеттік жасқа толғанынша сақталып тұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

 ақша

“Ұлттық қордан түсетін инвестициялық кірістің 50 пайызы баланың меншігінде болады. Кәмелеттік жастағы қыз жігіттер бұл қаражатты пайдаланып, білім алуға немесе баспана сатып алуға бағыттай алады. Сондықтан бұл жерде ата-ананың қаражатқа еш қатысы болмайды", - деді министр баспасөз мәслихатында.

Министр сонымен қатар шоттың бала дүниеге келген кезде автоматты түрде ашылатынын айтты.

“Қазіргі уақытта жұмыс механизмі тиісті органдармен бірлесе талқыланып жатыр. Бірақ бала дүниеге келген кезде есепшот автоматты түрде ашылатынын айта аламын. Тікелей тиісті база бар. Ол Әділет министрлігінің базасымен бірге. Сонымен қатар, балалардың есепшотына салық салу жоспарланбайды", - деп түсіндірді ол.



Қуантыров баланың тұрақты тұрғылықты жері ауысатын болса қаражат түсе ме деген сауалға да жауап бере кетті. 

“Егер азамат тіптен өзге жерге көшсе, бірақ азаматтығын 18 жасқа дейін сақтаса, онда ол бұл қаражатты пайдалана алады", - деп түсіндірді министр.

Бұған дейін министр Ұлттық қордан балалардың шотына ақша қалай аударылатынын түсіндіріп берген болатын.

Талқылау