Астананың екі тұрғыны криптовалютаны заңсыз саудалап, 90 миллион теңгеге жуық табыс тапқан
Астанада криптовалютаны заңсыз саудалап, 89 миллион теңгеге жуық табыс тапқан екі қазақстандық 1 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: money.yahoo.com
Іс материалдарына сәйкес, К және Е қамтамасыз етілмеген USDT сандық активтерін "B" және "By" криптобиржаларының Р2Р платформасында сатып, қомақты табыс тапқан. Жалпы сома:
Қ 2023 жылғы шілдеден 2024 жылғы ақпанға дейінгі кезеңде – 68 миллион теңгеден астам;
Е 2023 жылғы тамыздан 2024 жылғы ақпанға дейінгі кезеңде – 21,5 миллион теңгеден астам (іске асыру ел аумағында тиісті лицензиясы жоқ "B" және "By" жаһандық нұсқасында жүргізілген).
Бұдан басқа, аталған тұлғалар тобы "By", "B" криптобиржаларының платформасында жалпы сомасы 379 миллион теңгеге жуық Р2Р сандық активтердің саудасында USDT қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерін бірлесіп сатқан.
"Осылайша, сотталушылар К және Е бір топ тұлғалармен көрсетілген мерзімде Астана қаласының аумағында аса ірі көлемде кіріс әкелетін цифрлық активтерді сату бойынша заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған", –делінген сот хабарламасында.
Прокурор айыптауды қолдап, соттан қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымына байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындауды сұрады. Сотталушылар кінәларын мойындамай, ақтауды сұрады.
"Сотталушылардың кінәсі іс бойынша жауап алынған, цифрлық активтерді сатып алу фактісін растаған, сондай-ақ сотталушыларға ақшалай сыйақы үшін өздерінің банктік шоттарын беру фактісін растаған куәгерлердің айғақтарымен, маманның қорытындысымен және жасырын тергеу әрекеттерімен дәлелденді", – деді сот.
Е-ге қатысты қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде кішкентай баласының болуы ескерілді. Ал К-ға қатысты жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде оның жас болуы, қылмыс жасаған кезде ол 18 жаста болғаны ескерілді. Ешқандай ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
"Сот үкімімен К және Е Қылмыстық кодекстің 214-бабының 2-бөлігінің (заңсыз кәсiпкерлiк, заңсыз банк, микроқаржы немесе коллекторлық қызмет) 2) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оларға мүлкі тәркіленіп, 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 5 жыл мерзімге қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымына байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Азаматтық талап қанағаттандырылып, К мен Е-ден заңсыз жолмен алынған кіріс сомасы өндірілді", – делінген сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада криптовалютадан заңсыз 615 миллион теңгеден аса пайда тапқан ер адам 2 жылға сотталғаны туралы жазған едік.