Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бес жұлдызды қонақүй, аквапарк, вилла мен зауыттар – Қытайлық кәсіпкерлер Түркістан облысында ауқымды құрылыс бастамақ

Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті аясында Қазақстан-Қытай бірлескен іскерлік кеңесі өтті. Биыл жетінші рет өткізіліп отырған жиынға Қытай өнеркәсібіндегі ірі компаниялар қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Тоқаев пен Си Цзиньпиннің өзара іскерлік байланысы екі ел арасындағы экономикалық байланысты нығайта түсуде. 

Бүгінде Қазақстан-Қытай іскерлік Кеңесі екі елдің бизнес-топтарының өкілдері үшін диалог алаңына, сондай-ақ қос мемлекет арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың маңызды құралына айналды. Маңызды жиынға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнай ықатысып, маңызды келіссөздер жүргізді. Іс-шара қорытындысы бойынша қытайлық бизнесмендермен жалпы құны 1 миллиард 15 миллион доллар тұратын 4 ірі инвестициялық жоба бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Атап айтқанда, Түркістанда бес жұлдызды қонақ үй кешені мен аквапарк және бейнебақылау камераларын шығаратын зауыт салынбақ. Жобаның жалпы құны – 270 миллион доллар. Қазір арнайы экономикалық аймақтан 11,8 гектар жер учаскесі нақтыланды. Онда 18 қабатты қонақ үй, аквапарк және вилла кешені бой көтереді деп жоспарлануда. Ал ауқымды инвестициялық жоба "China Chuangshi Construction Group" компаниясына тиесілі.

Сонымен қатар аймақта баламалы энергия көздерін өндіру бойынша да бірқатар жобалар жүзеге аспақ. Атап айтқанда, қуаттылығы 500 МВт бу-газ қондырғысы және қуаттылығы 300 МВт күн электр станциясы салынбақ. Сондай-ақ электр желісінің металл тіректерін және энергия жинақтау жүйелерін өндіретін зауыт базасында электр станциясын салу туралы шешім қабылданды. Аталған жобаларды іске асыру үшін Бәйдібек, Сауран, Түлкібас аудандарынан жер телімдері белгіленді. Қуат көзін өзге өңірлерден алып тұтынатын Түркістан облысы үшін бұл жоба аса маңызды. Қытайдың “China Energy Overseas Investment Co.Ltd” компаниясы жобаға жалпы 915 миллион доллар бөліп отыр.

Одан бөлек Ордабасы ауданында "Central Asia Aluminium" ЖШС алюминий бұйымдарын өндіретін зауыт құрылысы басталмақ. Құны 17 миллион долларға бағаланып отыр. Өңдеу өнеркәсібі саласындағы инвестициялық жобаны іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындары ашылады.

Елімізде мақта өсірумен айналысатын жалғыз өңір – Түркістан. Мұнда Мақтаарал аталған аудан да бар. Алайда бүгінге дейін облыста тоқыма өнеркәсібі дұрыс жолға қойылмаған. Салдарынан шикізаттық экономика деңгейінде қалып, ал мақта бағасы жыл өткен сайын арзандап, шаруалардың еңбегі бағаланбай қалды. Сондықтан аймақта облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен тоқыма кластерін құру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Енді мақта өсіріп, одан бұйым шығарып, әлемге экспорттайтын қытайлық компаниялармен келісімге қол қойылды. Нәтижесінде облыс аумағында мақта талшығын қайта өңдейтін зауыт, жіп иіру зауыты мен мата фабрикасы салынбақ. "Xinjiang Lihua(Group) Co., Ltd" компаниясы аталған жобаларға жалпы 440 миллион доллар көлемінде инвестиция бағыттамақ.

Талқылау