Астанада ер адамды фильмдегі әдіспен бопсалағандар 500 мың теңгені қолды еткен
Астанада танысу сайты арқылы әйелмен кездесуге барған ер адамның басы күтпеген жерде дауға қалды. Жалдамалы пәтерге келгенде оған әйел “зорламақ болдың” деп түрмеге түспес үшін 500 мың теңге бопсалаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Kozachkov offside Telegram арнасының мәліметінше, оқиға "Фокус" фильмінің сюжетіндей болған. Алаяқтық схеманы Қостанай облысының тұрғыны Нұргүл Құжаева, сондай-ақ оның екі сыбайласы Ақтөбе қаласының 33 жастағы тұрғыны Әділхан Амерхан мен Қарағанды қаласының 24 жастағы тұрғыны Ілияс Еркін жүзеге асырмақ болған. Оқиға Астанада болған.
“Шілде айының басында Нұргүл танысу сайтынан бір ер адамды тауып, онымен біраз уақыт хат алмасады. Кейін Құжаева оны үйіне қонаққа шақырады. Ер адам еш күдіктенбестен, 6 шілдеде жалдамалы пәтерге келеді. Жағымды кештің жалғасына дайындалып, тіпті алдын ала душқа түсіп алады. Одан кейін бәрі "Фокус" фильміндегідей өрбиді. Пәтерге Әділхан мен Ілияс басып кіріп, өздерін Нұргүлдің ағалары ретінде таныстырады. Олар жартылай жалаңаш отырған қонақты әпкелерін зорламақ болды деп айыптайды. Ал егер ол осындай ауыр қылмыс бабы бойынша түрмеге түскісі келмесе, қомақты ақша төлеуі керек екенін айтады”, – деп жазған хабарламада.
Басты кейіпкер дауласпай, банк қосымшасы арқылы бірден 500 мың теңге несие рәсімдеген. Содан кейін үшеуі бірге ақша алу үшін банкоматқа барады. Жәбірленуші барлық соманы шешіп берген соң, оны босатып жібереді.
“Ақшаны үшеуі бөліп алады. Алайда көп ұзамай бәрі бірге полиция бөлімшесінен бір-ақ шығады. Амерханның, Құжаеваның және Еркіннің әрекеті бопсалау деп сараланды. Осыдан кейін жігіттер тергеу изоляторына қамалып, ал әйел үйқамаққа алынды. Тергеу ісі көп ұзамай аяқталды. Үшеуі де кінәсін мойындап, келтірілген шығынды өтеді. Сот олардың әрқайсысына 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады”, – деп жазылған хабарламада.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Талғарда баланы азғындамақ болған ер адам ұсталды: Қыздың анасы істі ешқандай адвокат алмай жатқанын айтады
