Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада қоғамдық дәретхананың әйнегін күңгірттемей отырып, видео түсірген екі жігіт 5 тәулікке қамалды

Қоғамдық дәретхана
Фото: Видеодан скрин

Астанада қоғамдық дәретханада әдепсіз видео түсірген екі жігіт 5 тәулікке қамалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Астана сотында TikTok желісінде дәретханада түсірілген видеоны жариялаған екі ер адамға қатысты қоғамда үлкен резонанс тудырған іс қаралды. Олардың әрекеті ұсақ бұзақылық ретінде сараланған.

Сот мәліметінше, Ш және Н есімді азаматтар қоғамдық дәретханадағы құпиялылықты қамтамасыз ететін әйнектің автоматты күңгірттену функциясын әдейі пайдаланбай, дәретханада отырғандарын айналадағы адамдарға көрсетіп, видеоға түсірген.

“Сонымен қатар қоғамдық орында балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған және қоғамда кең резонанс тудырған. Құқық бұзушылық алғаш рет жасалған, азаматтар өз кінәларын толық мойындаған”, – делінген сот хабарламасында.

Іс материалдарына сәйкес, құқық бұзушылық күдіктілердің түсініктемелерімен, оқиға орнында түсірілген бейнежазбамен, инспектордың рапортымен және әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен расталған.

“Аталған әрекеттер интернет желісінде кеңінен таралып, қоғамдық резонанс тудырған және қоғамдық инфрақұрылым нысаны туралы теріс қоғамдық пікір қалыптастырған. Соттың пікірінше, бұл оның жұмысын қамтамасыз ететін жергілікті атқарушы органдардың беделіне нұқсан келтіреді”, – делінген хабарламада.

Астана сотының қаулысымен күдіктілер кінәлі деп танылып, әрқайсысына 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға түріндегі жаза тағайындалды.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада "Бәйтерек" маңында шампан шашып, видео түсірген әйел айыппұл арқалағаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 08 Маусым, 2026 22:54