Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда тұрғын үйдің қасбеті құлап, кофеханаға зақым келтірді

Үйдің қасбеті құлаған
Фото: Видеодан скрин

Алматыда тұрғын үйдің қасбетінің бір бөлігі құлап, кофеханаға зақым келтірді. Оқиға салдарынан кофехананың шатыры мен жиһаздары бүлінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілген видеолар жарияланды. 

Оқиға Гоголь көшесі, 75-үй мекенжайында, Қонаев көшесінің қиылысында болған.

Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, көпқабатты тұрғын үй 1977–1978 жылдары салынған және оның қасбеті ұлутаспен қапталған.

"Аталған мекенжайда қасбеттік қаптаманың кейбір элементтері құлаған", – деп хабарлады қала әкімдігі.

Зардап шеккендер жоқ.

Әкімдік өкілдері бұл үй кондоминиум нысаны болып саналатынын еске салды. Сондықтан қасбетті қоса алғанда, ортақ мүлікті күтіп ұстау тұрғын үй иелерінің міндетіне жатады.

Қазір Медеу ауданы әкімінің аппараты мен Төтенше жағдайлар департаменті қауіпті жою бойынша шаралар қабылдап жатыр.

"Қазіргі уақытта Медеу ауданы әкімінің аппараты Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, қасбеттің апатты жағдайдағы қаптама элементтерін бөлшектеу жұмыстарын ұйымдастыруда", – делінген әкімдік хабарламасында.

Сондай-ақ әкімдік Алматыдағы ескі тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту мәселесі әлі де өзекті екенін атап өтті. Биыл Медеу ауданында жаңғырту бағдарламасы аясында 50 көпқабатты тұрғын үйдің қасбетін жаңарту жоспарланып отыр.

Еске салсақ, осыған дейін Қарағанды ​​облысында үш жасар баланың үстіне ғимарат қасбетіндегі кірпіш құлаған еді.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 08 Маусым, 2026 22:08