Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада көші-қон қызметі басшысының орынбасары Әлия Мақаева ұсталды

Әлия Мақаева
Фото: Астана қаласы ПД

Астана қаласы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Әлия Мақаева қылмыстық іс аясында ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұған дейін әлеуметтік желіде полиция қызметкері заңсыз көші-қонды ұйымдастырды деген күдікке ілінгені туралы ақпарат тарады. Сондай-ақ тергеу шетел азаматтарына Қазақстанда тұруға ықтиярхаттарды заңсыз рәсімдеу деректеріне қатысты болуы мүмкін екені айтылды.

Алдын ала мәлімет бойынша, іс бойынша бірнеше мемлекеттік органның өкілдері де тексеріліп жатыр. Тергеуді Ішкі істер министрлігінің өзіндік қауіпсіздік бөлімшелері Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп жүргізіп жатқаны хабарланды.

Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі соталды тергеу басталғанын растады.

“Қазір соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды”, – делінген ресми жауапта.

Әлия Мақаева туралы не белгілі?

Әлия Мақаева Ресейдің Новгород облысында дүниеге келген. 2001 жылы Орал мемлекеттік заң академиясының заң факультетін тәмамдап, кейін ішкі істер органдарында қызметін бастаған.

Ол еңбек жолын Астана қаласының Алматы аудандық ішкі істер басқармасында тәрбие және кадр жұмысы бөлімінің инспекторы қызметінен бастаған.

2004–2018 жылдары Есіл аудандық ішкі істер басқармасының көші-қон полициясы бөлімінде аға инспектор, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, сондай-ақ елордалық көші-қон қызметі басқармасының азаматтық және иммиграция бөлімінде ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор қызметтерін атқарған.

2022 жылғы наурызда Әлия Мақаева Астана полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының азаматтық және иммиграция бөлімін басқарған. Кейін аталған басқарма бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды.

Ішкі істер министрлігінің 2022 жылғы ресми жарияланымында ол полиция қызметкеріне адалдық, ұстамдылық және төзімділік қажет екенін айтқан.

Ашық дереккөздердегі соңғы мәліметке сәйкес, 2024 жылғы қаңтарда Әлия Мақаева полиция подполковнигі ретінде таныстырылған. Оның қазіргі арнайы атағы ресми түрде нақтыланбады.

Айта кетейік, Қазақстан Конституциясының 77-бабына сәйкес, адамның кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденбейінше, ол кінәсіз деп есептеледі.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 03 Тамыз, 2026 14:45