Астанада баланы құтқарып қалған жасөспірімге университетке грант берілді
Нұр-Сұлтан қаласында көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткелі тұрған баланы аман алып қалған Есдәулет Дәуітбеков марапатталды. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов оған алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыстады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Сізге көрсеткен қайсарлығыңыз бен батылдығыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Сіз оқушының мектеп қабырғасынан қалай түлеп ұшуы керек екенін дәлелдедіңіз. Осындай асыл, батыр азаматты тәрбиелеген ата-анаңыз бен ұстаздарыңызға алғыс айтамын. Сіздің бүгінгі ерлігіңіз лайықты үлгі болады. Жоғары сынып оқушылары да сіз сияқты кішкентайларды қолдауға және қорғауға әрқашан дайын болады деп сенемін. Сонымен бірге кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарынан олардың үйдегі қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударуын сұраймын”, – дейді оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов
Сондай-ақ министрдің өтініші бойынша түлекке Алматыдағы университеттердің бірінде тегін оқуға грант берілді.
Еске салсақ, Нұр-Сұлтан қаласында жасөспірім жігіт жетінші қабаттан құлай жаздаған бүлдіршінді құтқарып қалды.
Осыған дейін Есдәулетке үш бөлмелі пәтер сыйға тартылғаны туралы жазған болатынбыз.