Астанада автобус қағып кеткен қыздың жақындары қайғылы жағдайға әкімдікті кінәлайды
Елордада автобус жүргізушісі қараңғыда жолдан өтіп бара жатқан қызды көрмей, қағып кетті. Қыз қатты соққыдан оқиға орнында көз жұмды. Алайда марқұмның жақындары бұл қайғылы жағдайға жүргізуші ғана емес, қауыпсіздікті қамтамасыз етпеген қала әкімдігі де кінәлі деп санайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Жол апаты Айтматов пен Молдағалиев көшесінің қиылысында болған. 22 жастағы қыз сағат 21:00 шамасында көлік жүретін жолмен үйіне қайтып бара жатқан. Өйткені адамдар жүретін тротуар жоқ. Белгілі болғандай ол жерде жарық та жоқ болып шықты. Марқұм қыздың жақындары алғашында болған жағдайға сенбеген.
“Мұндай жол апатынан кейін оның тірі қалуы мүмкін емес еді. Мен сенбедім. Біз онда расымен сол адамның жұмыс істейтінін анықтадық. Сіңлімнің 2GIS локациясы құрбысында бар екен. Телефонын сол арқылы тауып алдық. Сонда ғана айырылып қалғанымды түсіндім”, – дейді қыздың әпкесі Анастасия Кан.
Қыздың өліміне себеп болған автобусты 68 жастағы жүргізуші басқарған. Алайда марқұм қыздың жақындары жол апатына автобус жүргізушісін ғана емес, қауіпсіздікті қамтамасыз етпеген қала әкімдігін де кінәлайды.
“Егер бұл жерде жаяу жүргіншілер жолы болса, бәлкім қайғылы оқиға болмас еді. Бұл жерде жалғыз жүргізуші кінәлі емес. Иә, ол байқамай, қарындасымды басып кетті. Бірақ бұл жағдайда әкімдік те кінәлі. Олар қадағаламады, ешқандай белгі қоймады”, – дейді қыздың ағасы Аббас Аппазов.
Алайда жолдың бұл бөлігін құрылыс компаниясы да, әкімдік те жауапкершілікке алмады. Ал қала әкімдігі мұндағы абаттандыру тұрғын үй кешендерінің құрылысы аяқталғаннан кейін ғана жүргізілетінін айтты. Полиция қайғылы жағдайдан кейін істі қолға алуға уәде берді.
“Қылмыстық іс аясында біз көлік бөліміне құқық бұзушылықтың болуына ықпал ететін мән-жайларды жою туралы ұсыныс жібереміз”, – деп мәлімдеді полиция.
Сарапшы ретінде "Ортақ жол" жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының президенті Арсен Шакуов та құрылыс компанияларынан жолды қауіпсіз етіп салуды талап етті.