Астанада әскери ұшақтар аспанды "түрлі түске бояп тастады" (видео)
3 шілде күні Астанада алты әскери ұшақ қаланың үстінен түрлі-түсті түтін шашып, ұшып өтті. Қала тұрғындары бұл көрініске тамсана қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Бұлтты аспанды жарып өткен ұшақтар қызыл және сары түсті түтін шығарды. Астанада күн бұлтты болғандықтан жаңбыр тамшылары түрлі-түсті дақ ретінде көліктерді басып қалды.
Бұл Астана тұрғындарын қуантатын жалғыз көрініс емес. Сонымен қатар кешке Ботаника бағында отшашулар атылатыны туралы айтылды. Болжалды уақыты – 22:00 мен 22:30 арасы.
Еске салайық, 3-4 шілдеде Астанада Қазақстанның төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтетіні айтылды. 10 мыңға жуық шетелдік делегат келеді деп болжанып отыр. Ал бір күн бұрын Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік сапармен Астанаға келді. Жоғары мәртебелі мейманды әуежайдан Қазақстан басшысының өзі қарсы алды. Си Цзиньпин алдағы мемлекеттік сапары аясында отандық бұқаралық ақпарат құралдарына арнап жазған авторлық мақаласын ұсынды.
Ол мақаласында Қытай тарапы Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға, өз бетімен таңдап алған даму жолын ұстануға, мемлекеттің гүлденуіне қажет ішкі және сыртқы саясатын іске асыруға бағытталған күш жігерін қолдаудан айнымайтынын айтты. Қазақстанның ішкі істеріне киліксе, кімге болса да қарсы тұрады деп түйіндеді Қытай басшысы.