Астанада 3 бала қаза тапқан өрт: ТЖМ өрт сөндірушілер ауладағы көлікке байланысты уақыт жоғалтты деген ақпаратты жоққа шығарды

Астанада 3 бала қаза тапқан өртке байланысты төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) құтқарушылардың өртті сөндіруге кешіккені және жолды бөгеген автокөлікке қатысты ақпараттарға түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
ТЖМ өкілдері желіде тараған "өрт сөндірушілер 20 минут бойы әрекетсіз отырды" деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Министрлік мәліметінше, алғашқы бөлімшелер оқиға орнына жеткен сәтте пәтер толығымен жанып жатқан, бұл өрттің кеш анықталғанын көрсетеді.
Құтқарушылар бірден адамдарды эвакуациялау және өрт сөндіру жұмыстарына кіріскен.
Кіреберісте тұрған автокөлік биіктікте жұмыс істейтін техниканың аула ішіне кіруіне ғана кедергі келтірген, алайда өртті сөндірудің негізгі жұмыстарына бөгет болмаған. Қызмет өкілдерінің айтуынша, полиция көлік иесін жедел анықтап, 6–7 минут ішінде автокөлік ауладан шығарылған. Жүргізуші бұл үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
“Ірі габаритті өрт сөндіру техникасымен автокөлікті тас-талқан ету жолды толық босатуға кепілдік бермейді, ал оның салдары қосымша материалдық шығындар мен тәуекелдерге әкелуі мүмкін. Тәжірибе көрсеткендей ұзаққа созылған сот процестері құтқарушылар әрекетінің заңдылығын дәлелдеуге әрдайым кепілдік бермейді”, – делінген хабарламада.
ОқыңызОқиғаның мән-жайы
Қайғылы оқиға 12 сәуірге қараған түні Астананың Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатында болған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер жедел жеткен. Алайда аулаға кіреберіс жабық болып, көліктер толып тұрған. Ал бір жүргізуші көлігін үйдің ауласына кіретін пандус үстіне қойып кеткен. Салдарынан өрт сөндірушілер техникасы уақытында кіре алмағаны туралы ақпарат тарады. Кейінірек өрт сөндірушілердің өтуіне кедергі келтірген көлік иесі жазаланғаны хабарланды.
Өрт сөндіру кезінде жанып жатқан пәтерден күйік алған әйел шығарылып, жедел жәрдем қызметіне тапсырылған. Ол №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жатқызылған. Оқиға орнынан кәмелетке толмаған үш баланың мәйіті табылды.