15 күнге қамалған Қайрат Нұртас апелляциялық шағым түсірген: Сот шешімі шықты
15 күнге қамауға алынған әнші Қайрат Нұртастың апелляциялық шағымын Астана қалалық соты қанағаттандырмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото әншінің Instagram желісінен
Қайрат Нұртасқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс апелляциялық тәртіппен Астана қалалық сотында қаралды.
“Бұған дейін әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың қаулысымен Қ.А ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынған. Бірінші сатыдағы сот Қ.А-ның ұшақтың ішінде жанжалдасу кезінде азамат Б-ға қол жұмсап, оның денсаулығына жеңіл зиян келтіріп, төбелес кезінде балағат сөздер айтқанын анықтады. Құқық бұзушының адвокаты қаулымен келіспей, 434-баптың 2-бөлігі бойынша шағымданып, құрамның болмауына байланысты соттан іс жүргізуді тоқтатуды сұрады”, – делінген хабарламада.
Қаулының күшін жою үшін негіз анықталмағандықтан апелляцияның 2024 жылғы 9 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгеріссіз қалдырылды.
Еске салсақ, Қайрат Нұртас ұшақта жанжалдасқаны үшін 15 тәулікке қамауға алынған еді. Әнші қамауға алудың орнына әкімшілік айыппұл салуды сұрады. Алайда оның өтініші қабылданбады.