"Бомба деп айқайлаған": Астана әуежайында ер адам FlyArystan бортсерігіне шабуыл жасады
FlyArystan әуе компаниясының Астана-Өскемен рейсіне отырғызу кезінде жолаушылардың бірі бортсерікке шабуыл жасаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Азамат Ерғалиевтің Facebook парақшасынан
Оқиға туралы журналист Азамат Ерғалиев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Журналистің айтуынша, 50 жас шамасындағы ер адам ұшаққа отырғызу басталғаннан-ақ өзін агрессивті ұстаған.
"Бұзақы менің орындығымның артында отырды. Бір кезде мен орындыққа қатты соққы тигенін сезіндім. Сосын бортсерік қыз бен бұзақының айқайы естілді. Мен қорқып орнымнан атып тұрдым. Бортсерікті алып кетті", – дейді Азамат Ерғалиев.
-
Ұшақта апаттық есікті ашып жіберген қазақстандық FlyArystan-ға 10 миллион теңге айыппұл төлейді
-
Air Astana мен FlyArystan рейстері ең көп кешігетін әуе компания атанды
Бұдан кейін де ер адам өзін жөнсіз ұстауын жалғастырып, басқа жолаушыларға, соның ішінде жазба авторына да тиісе бастаған.
Полицейлер келгеннен кейін ұшақтағы барлық жолаушы ұшақтан түсіріліп, рейс кейінге қалдырылған. Әуе компаниясы әзірге бұл оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Полиция Астана-Өскемен рейсінің 47 жастағы жолаушысының ұсталғанын хабарлады.
Көлік департаментінің мәліметінше, ер адамның әрекеті қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірді.
"Ол мас күйінде бортсеріктің ішінен ұрып, ұшақтан шығып бара жатқанда "бомба" деп айқайлап, жолаушылар мен экипаж арасында дүрбелең тудырды", – делінген көлік басқармасының хабарламасында.
Полиция бұзақылық және терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама жасау баптары бойынша қылмыстық іс қозғады.
Ұшақ тексеріліп, жарылғыш құрылғылар немесе басқа да тыйым салынған заттар табылмады.
Еске салсақ, бұған дейін ұшаққа кешігіп келген FlyArystan жолаушылары Алматы әуежайында бүлік шығарғаны туралы жазған едік.