Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Асхат Тарғын: Мен шоу-бизнеске алғаш келгенде ортаға сыйдырмай шеттеткендер болды

Әнші Асхат Тарғын өзі мен өнеріне сын айтып, әнін даттап жүргендерге жауап берді. Орта жасқа келгенде ойда-жоқта шоу-бизнес әлеміне кіріп келген әнші өзін қақпағайлап, шеттетіп жүргендердің барын жасырмайды. 

Бұл туралы "Талантым-тағдырым" бағдарламасында айтылды.

Асхат Тарғын "Мария" әнінің хит болатынын алдын ала білмеген. Тіпті осы ән арқылы өзін халық танып, әнші атанып кетем деп ойламапты. 

"Мен бұл әнді әдейі хит болсын, солай танылайын, танымал болып ақша табайын деген оймен шығарған жоқпын. Себебі ешкім алдын ала қай әннің хит болатынын білмейді. Хит болады деп сенген әнің жолда қалуы мүмкін, керісінше ойламаған ән көп таралып кетуі мүмкін. Бұл адамға берілетін бақ. Мен "Мария" әнінің жеңіл ән екенін білемін. Қазақ өнерін осымен ластайыншы деген ойым болған емес. Бұл осылай болу керек болды. Осы ән арқылы мен танылуым керек болды", - деді әнші. 

Алдымен ән танылып, әннің көмегімен әншінің өзі танылды. 

"Ән көп тойда, ел аузында айтылып жүрді. Бірақ оның орындаушысы кім екенін білмеді. Мен сол себепті қыстың көзі қырауда дереу бейнебаян түсіріп өзімді танытуды ойластыра бастадым. Ақтөбе қаласында тұрып жүрген кезім. Димаштың әкесі Қанат Айтбаевқа бардым. Ол кісі маған бөле болып келеді. Сондықтан өтініш айттым. Сол кезде Қанат Айтбаев "Мария Магдалена деген кім екенін білесің бе?" деп сұрады. Мен сол уақытқа дейін оның кім екенін білмейді екенмін. Ол христиан дінінде құдай секілді тұлғаның есімі екен. Дереу мәтінді өзгерттік. Магдалена сөзіне арман еді деп жаздық. Алайда алғашқы нұсқаларда сол атаумен кетті", - деді Асхан Тарғын. 

Әншінің айтуынша, шоу-бизнес ортасына бірден үйренісіп кету оңайға соқпаған. Өзін шеттеткендер де, сын айтқандар да болды дейді.

"Мені алғашында бөлектеп, әнімді сынға алғандар барын білемін. Бетіме айтпаса да, сыртымнан айтты. Әні жеңілтек ән деп сынады. Бұл өмір. Ортаға да мінезіңмен, адамгершілігіңмен сыясың. Адам араласа келе бір-бірін таниды. Қазір көбісімен қатынасымыз жақсы", - деді ол. 

 

Талқылау