Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Асан Қайғы: өмірбаяны және шығармалары

Құрметті оқырмандар Stan.kz ақпараттық агенттігі қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі Жәнібек ханның ақылшысы болған белгілі қазақ жырауы, ақын-философ Асан Қайғы Сәбитұлының өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет ұсынады.

Асан Қайғы: өмірбаяны және шығармалары

Асан Қайғы 14 ғасырдың соңы мен 15 ғасырдың басында өмір сүрген жырау. Асан Қайығының құрметіне 16 ғасырда Қызылорда облысының қазіргі Шиелі ауданының аумағында Асан ата кесенесі тұрғызылды.

Асан Қайғы Алтын Орданың ханы, кейіннен Қазан хандығының негізін қалаушы Ұлы Мұхаммедтің ең ықпалды тұлғаларының бірі болған. XV ғасырдың 50-ші жылдары ол Шығыс Дешті Қыпшақ даласындағы саяси күресте Әбілқайыр ханның қарсыластары, 1456 жылы Жетісудың батысында Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек сұлтандардың жақтасы болды. Ол жаңа хандықтың идеологы және барлық қазақ тайпалары мен руларын біріктірудің жақтаушысы болды.

Асан Қайғы тұрмыс мәселеріне тереңінен үңіле жырлаған данышпан әнші-жырау. Осыған орай, оның шығармашылығында: толғау, терме, нақыл сөздер мен афоризмдер секілді философиялық және дидактикалық жанрлар басты орын алды. Оның шығармаларын Шоқан Уәлиханов, Потанин секілді шығыстанушы-ғалымдар және белгілі ақын Мәшһүр Жүсіп Көпеев және тағы басқа ғалымдар жинаумен айналысқан. Асан Қайғының поэтикалық мұрасы XIX ғасырда жариялана бастады, оны зерттеуде Совет жазушылары Сәкен Сейфуллин мен Мұхтар Әуезов және тағы басқа жазушылар маңызды үлес қосты.

Асан Қайғы тарихи тұлға болғанына қарамастан, аңызға айналған керемет мифологиялық сипатымен халық жадында қалды. Оның есіміндегі «қайғы» атауы Асанның Ертістен өзен сұлтанының қызын аулап алуымен байланыстырылады. Асан қайғы ол қызды әйелдікке алуы керек еді. Бірақ, ол өзен ханшайымының белгілі бір шарттарын орындамағандықтан, ол аспанға ұшып кеткен деседі.

Ал көпшілікке танымалы Асан Қайғының жері шұрайлы, жайылымдары көп, өзендерінің суы сарқырап аққан, климаты жұмсақ, жануарлары мен балықтары көп, адамдары қайғы-қасіретсіз, қажеттіліксіз, арамдық пен қанаушылықсыз өмір сүретін арманындағы Жерұйық жерін іздестірген аңызы. Бұл әлеуметтік-утопиялық аңыз ХІІ ғасырдың ортасында Алтын Орданың және Ақ Орданың құлдырауынан кейін жандандырылған азаматтық жанжалдардың шығыс Дешті-Қыпшақтан Батыс Жетісу өзендеріне дейінгі қазақ тайпалары мен руларының жаппай қоныс аударуына әкелген нақты тарихи жағдайды бейнелейді. Асан Қайғы осы қозғалысты басқарған сұлтандардың бірі Жәнібектің кеңесшісі болған, осылайша ол халық санасына бақытты жердің ізденушісі, халықтың жаңа өмірге деген үмітін жеткізген жанашыр адам ретінде кірді. «Дала данышпаны» ретінде танылған Асан қайғының рухани мұралары халық санасында сақталған.

Ел ішіндегі шежіре сөздер мен күй аңыздарына қарағанда, Асан қайғы дәулескер күйші де болған. Көптеген күйдің аты мен аңыз әңгімесі де әлі күнге дейін айтылады. Өкініштісі, бүгінге «Ел айырылған», «Асан қайғы», «Желмая-ның жүрісі», «Зар» сияқты санаулы күйлері ғана жеткен. «Ел айырылған» күйін оралдық Ғұбайдолла Мұхитовтың тар-туында алғаш рет А.Затаевич нотаға түсірген екен. Сондай ақ толық, көркем нұсқасын 1964 жылы Мұқас Құсайыновтың тартуында  Мерғалиев нотаға түсірді. Ал оның бізге жеткен шығармалары төмендегілер:

Ай, Хан ием, мен айтпасам, білмейсің

Ай, Хан ием, мен айтпасам, білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің.
Шабылып жатқан халқың бар,
Аймағын көздеп көрмейсің.
Қымыз ішіп қызарып,
Мастанып, қызып терлейсің,
Өзіңнен басқа хан жоқтай
Елеуреп неге сөйлейсің?!
Қорған салдың бейнет қып,
Қызметшің жатыр ішіп-жеп.
…Оны неге білмейсің?!
Қатын алдың қарадан,
Айрылдың хандық жорадан,
Ел ұстайтын ұл таппас,
Айрылар ата мұрадан!
Мұны неге білмейсін!?
Құладын құстың құлы еді,
Тышқан жеп жүнін түледі.
Аққу – құстың төресі,
Ен жайлап көлді жүр еді.
Аңдып жүрген көп дұспан
Елге жау боп келеді:
Құладын қуды өлтірсе –
Өз басыңа келеді!
Құлың көп сені өлтірер,
Осыны Асан біледі,
Мұны неге білмейсің?!
…Тіл алсаң, іздеп қоныс көр,
Желмая мініп жер шалсам,
Тапқан жерге ел көшір,
Мұны неге білмейсің!?
…Ай, Жәнібек, ойласаң,
Қилы, қилы заман болмай ма?
Суда жүрген ақ шортан
Қарағай басын шалмай ма?
Мұны неге білмейсің!?
Қош, аман бол, Жәнібек,
Енді мені көрмейсің!

Құйрығы жоқ, жалы жоқ

Құйрығы жоқ, жалы жоқ-
Құлан қайтіп күн көрер?!
Аяғы жоқ, қолы жоқ-
Жылан қайтіп күн көрер!?
Шыбын шықса жаз болып –
Таздар қайтіп күн көрер?!
Жалаң аяқ балапан,
Қаздар қайтіп күн көрер!?

Еділ бол да, Жайық бол

Еділ бол да, Жайық бол,
Ешкімменен ұрыспа.
Жолдасыңа жау тисе,
Жаныңды аяп тұрыспа.
Ердің құны болса да,
Алдыңа келіп қалған соң,
Қол қусырып барған соң,
Аса кеш те қоя бер,
Бұрынғыны қуыспа.
Ақың болса біреуде,
Айыбын тап та ала бер,
Ерегесіп ұрыспа.
Сенікі жөн болса да,
Атың шықпас дұрысқа.
Мінезі жаман адамға
Енді қайтып жуыспа.
Тәуір көрер кісіңмен
Жалған айтып суыспа.
Өлетұғын тай үшін,
Көшетұғын сай үшін,
Желке терің құрысып,
Әркімменен ұрыспа.
Ашу – дұспан, артынан
Түсіп кетсең қайтесің
Түбі терең қуысқа!..

Қырында киік жайлаған

…Қырында киік жайлаған,
Суында балық ойнаған,
Оймауыттай тоғай егіннің
Ойына келген асын жейтұғын,
Жемде кеңес қылмадың,
Жемнен де елді көшірдің.
Ойыл деген ойынды,
Отын тапсаң, тойынды.
Ойыл көздің жасы еді,
Ойылда кеңес қылмадың,
Ойылдан елді көшірдің.
Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген,
Екі семіз қолға алып,
Ерлер жортып күн көрген
Еділ деген қиянға,
Еңкейіп келдің тар жерге,
Мұнда кеңес қылмадың.
Кеңестің түбі нараду…
Нәлет біздің жүріске!
Еділ менен Жайықтың
Бірін жазға жайласаң,
Бірін қысқа қыстасаң,
Ал қолыңды маларсың
Алтын менен күміске!..

Таза мінсіз асыл тас

Таза мінсіз асыл тас,
Су түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл сөз,
Ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас,
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз,
Шер толқытса шығады.

Бұл заманда не ғаріп?

Бұ заманда не ғаріп?
Ақ қал алы боз ғаріп.
Жақсыларға айтпаған,
Асыл шырын сөз ғаріп.
Замандасы болмаса,
Қария болар шын ғаріп.
Қадірін жеңге білмесе,
Бойға жеткен қыз ғаріп.
Ел жағалай қонбаса;
Бетегелі бел ғаріп.
Қаз, үйрегі болмаса,
Айдын шалқар көл ғаріп.
Мүритін тауып алмаса,
Азғын болса пір ғаріп.
Ата жұрты бұқара
Өз қолында болмаса,
Қанша жақсы болса да,
Қайратты туған ер ғаріп.
Ғалымды хатим еткендер,
Мақсатына жеткендер,
Жас кәрілер отырып,
Алдынан сабақ алмаса,
Қарамаса жүзіне,
Ғалым да болса ол ғаріп.

Есті көрсең кем деме

Есті көрсең кем деме,
Бәрі тұйғын табылмас.
Қарындасың жамандап,
Өзіңе туған табылмас.
Адам әзіз айтар деп,
Көңілінді салмағын.
Нәпсі алдаушы дұшпаның,
Насихатын алмағын.
Бақыты оянған ерлердің,
Әрбір ісі оң болар.
Дәулеті күнге артылып,
Не қылса да мол болар.
Тазылары түлкі алып.
Қаршығасы қаз іліп.
Сөз сөйлесе жөн болар.
Не десе де жарасар.
“Бай”, “байсың” деп ат қойып,
Ел аузына қарасар.
Арғымаққа міндім деп,
Артқы топтан адаспа!
Күнінде өзім болдым деп,
Кең пейілге таласпа!
Артык үшін айтысып,
Достарыңмен санаспа!
Ғылымым жұрттан асты деп,
Кеңессіз сөз бастама!
Жеңемін деп біреуді,
Өтірік сөзбен костама!
Сара жолдан жаңылған.
Ханға зират қазылмас,
Сөгілгелі тұр қабырғаң,
Кеселің бар жазылмас,
Тарқат ханым шеріңді,
Намазыңа асыкпа.
Құрыштан берік елімді,
Алауыздыкпен жасытпа!
Біреу өсірген қауынды,
Тұрсың босқа жарғалы.
Досыңнан іздеп жауыңды,
Тұрсың жалғыз қалғалы.
Үмыттың қазақ даласын,
Ұлғайттың жанды жарасын,
Бір атаның баласын,
Екіге бөліп барасын,
Жолын ханым талпасаң,
Бүлінеді барлық жұрт.
Таң боп қайта атпасаң,
Басқалы тұр қара бұлт…

Көлде жүрген қоңыр қаз

Көлде жүрген қоңыр қаз,
Қыр қадірін не білсің?
Қырда жүрген дуадақ,
Су қадірін не білсін?
Көшіп-қонып жүрмеген,
Жер қадірін не білсін?
Көшсе кона білмеген,
Қонса көше білмеген,
Ақылына көнбеген,
Жұрт қадірін не білсін?

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау