Алматыда Олжас Сүлейменовтің 90 жас мерейтойына орай форум өтті

26 мамырда Алматыда көрнекті қазақстандық ақын, ойшыл, қоғам қайраткері әрі “Невада-Семей” халықаралық антиядролық қозғалысының көшбасшысы Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған “Өз жерінің елшісі” атты Еуразия мәдениеттерін жақындастыру жөніндегі VII халықаралық форум өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Форумға Қазақстан, Франция, Ресей, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай, АҚШ және басқа да елдерден мәдениет, ғылым, әдебиет саласының белгілі өкілдері, халықаралық ұйымдар мен қоғамдық институттардың өкілдері қатысты. Іс-шара Алматыдағы “Қазақстан” қонақүйінде өтті.
Болат Өтемұратов қорының қолдауымен өткен форумды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы ұйымдастырды.
Олжас Сүлейменов ондаған жыл бойы әдебиет өкілі ғана емес, Еуразия кеңістігіндегі маңызды интеллектуал тұлғалардың бірі ретінде танылып келеді. Оның түркі өркениеті туралы еңбектері Қазақстаннан тыс жерлердегі ғылыми пікірталастарға да ықпал етті. Ал өзі құрған “Невада-Семей” антиядролық қозғалысы қоғамдық бастаманың жаһандық геосаясатқа ықпал ете алатынын дәлелдеген сирек құбылыстардың біріне айналды. Семей ядролық полигонының жабылуы Қазақстанды ядролық сынақ алаңынан ХХ ғасыр соңындағы антиядролық қозғалыстың символына айналдырды.
VII халықаралық форум барысында ЮНЕСКО Бас директоры Халед әл-Энани Олжас Сүлейменовтің мәдениетаралық диалог пен гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
“Олжас Сүлейменовтің өмірі мен шығармашылығы бізге мәдениеттердің өз ішіне тұйықталған кезде емес, басқа тілдермен, өзге тарихи тәжірибелермен және әлемді танудың түрлі тәсілдерімен ашық байланыс орнатқанда күшейетінін еске салады. Оның мұрасы арқылы Қазақстан диалогтың бейбітшілік үшін қажетті шарт екенін көрсетіп отыр. Бұл әсіресе поляризация күшейіп тұрған қазіргі кезеңде өзекті”, – делінген ЮНЕСКО Бас директорының үндеуінде.
Үндеуді ЮНЕСКО-ның өңірлік бюросының директоры Амир Пирич оқып берді.
Форумның негізгі тақырыбы – бөліну мен қарама-қайшылық тілі жиі естілетін бүгінгі әлемде мәдениет диалог алаңы болып қала ала ма деген мәселе болды.
“Мәдениет әрқашан адамзаттың өзара түсіністікке бастайтын басты тілі болды. Бүгінде әлемге саналы өзара тәуелділік философиясы аса қажет. Бұл – халықтардың тағдыры бір-бірімен байланысты екенін, ал болашақ тек диалог, құрмет пен ынтымақтастық арқылы мүмкін болатынын түсіну. Адамзат тәуелділік ғасырларынан тәуелсіздік кезеңі арқылы саналы өзара тәуелділік дәуіріне өтіп келеді. Тарих халықтарды осы формулаға алып келді”, – дейді Олжас Сүлейменов.
Форумның жеке бөлігі Олжас Сүлейменовтің мәдени мұрасына арналды. Болат Өтемұратов қорының қолдауымен “Аз и Я”, “Өз жерінің елшісі”, “Ол жас – он молодой”, “Осирис заңы: ежелгі қазақ тілі және адамзаттың мәдени мұрасы – Олжас Сүлейменовтің жаңа тарихи-лингвистикалық жаңалықтары”, “Олжастануға кіріспе” оқу құралы, “Поэмалар кітабы” және автордың басқа да еңбектері қайта басылып, көрме аясында таныстырылды.
Бұл басылымдар бүгінде әдеби мұраның бір бөлігі ғана емес, мәдениет диалог пен өзара түсіністікті сақтайтын санаулы кеңістіктерінің бірі болған тұтас бір дәуірдің көрінісі ретінде қабылданады.
"Олжас Сүлейменов шығармашылығы – ұлттық әдебиеттің шекарасын кеңейткен ХХ ғасыр құбылысы. Оның поэзиясынан ұлт рухы, адамзаттық ой, тарихи сана мен өркениеттік көзқарас терең көрініс тапты. Ақынның әрбір шығармасы тарих пен болашаққа жаңаша қарауға жетеледі. Кеңестік саясаттың қылышынан қаны тамып тұрған ХХ ғасырда туған "Аз и Я" еңбегі ұлттық тарихи сананы жаңғыртты. Түркілік өркениетті дүнижүзіне танытты. Еуразия мәдениеттерінің жақындасуын айқындаған шығарма жалпыадамзаттың интеллектуалдық мұрасына айналды. Біз бұл интеллектуалдық әрі мәдени мұраны сақтау мен кеңінен насихаттаудың келешек ұрпақ үшін айрықша маңызға ие деп санаймыз", – деді Болат Өтемұратов Қорының бас директоры Айнұр Кәрібозова.

"Даму мен экологияны бір-біріне қарсы қоюға болмайды": Алматылықтарға болашақ Superski курортының маңызы түсіндірілді