Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Ауыл” партиясы ауылдарды дамытуға арналған жаңа платформаны іске қосты

Телефон ұстап отырған адам
Фото: pixabay.com

Бүгін auylym.auyl.kz сайты ресми түрде іске қосылды. Бұл Қазақстанның ауылдық елді мекендері тұрғындарына арналған бірегей цифрлық платформа. Жоба әрбір азаматқа өз ұсыныстарын, идеяларын және жетістіктерін ортаға салып, туған ауылының дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді.

Платформаның негізгі идеясы – ауыл тұрғындарымен кері байланыстың бірыңғай жүйесін қалыптастыру. Жоба аясында азаматтардың өтініштері мен бастамалары жинақталып, өңірлер тұрғындарының пікірін барынша қамту және оларды бірізді цифрлық форматқа келтіру көзделген.

Бұл ауқымы жоба Қазақстандағы алғашқы ашық цифрлық сервис. Мұнда тұрғындар өз ауылы туралы ашық айтып, жетістіктерімен бөлісіп, оның дамуына бағытталған нақты ұсыныстарын енгізе алады. Жиналған барлық деректер елдің әр елді мекеніндегі белсенділік пен бастамаларды көрсететін интерактивті карта түріндегі бірыңғай визуалды бақылау тақтасына біріктіріледі.

Платформада облыстар бойынша "Өтініштер картасы" іске асырылған. Ол әр өңірден келіп түскен өтініштер мен дауыс санын көрнекі түрде бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ әкімшілік бөлім қарастырылған, онда барлық өтінімдерді облыстар бөлінісінде қарау мүмкіндігі бар.

Өтініштер үш санат бойынша қабылданады: ұсыныс, идея және жетістік. Тақырыптық шектеу жоқ, ол инфрақұрылым мен абаттандырудан бастап туризм, экономика және әлеуметтік салаға дейінгі түрлі бағыттарды қамтиды.

Саяси шолушы Ілияс Бақтығалиев жаңа платформаның іске қосылуына оң баға берді.

“Жуырда мен “Ауыл” партиясының бірқатар сәтті бастамалары туралы жазған едім. Бүгін олардың тағы бір маңызды жобаны - auylym.auyl.kz кері байланысқа арналған цифрлық платформасын іске қосқанын білдім. Бұл жоба өте қызықты, себебі Қазақстанда алғаш рет цифрландырудың заманауи үрдістеріне сай келетін ашық онлайн-платформа құрылып отыр. Оның көмегімен әрбір ауыл тұрғыны нақты даму идеяларын ұсынып, өз тәжірибесіндегі сәтті бастамалармен бөлісе алады”, – деді саяси шолушы Ілияс Бақтығалиев.

Оның сөзінше, платформаның негізгі мақсаты - азаматтардың ұсыныс-пікірлерін жинақтап, шашыраңқы бастамаларды интерактивті карта форматындағы құрылымдалған дерекқорға айналдыру.

"Бұл өз кезегінде өңірлердегі нақты ахуалды көруге және шешімдерді тұрғындардың шынайы сұранысына сүйене отырып қабылдауға мүмкіндік береді. Ең маңыздысы - жоба өз ауылын дамытуға шынайы атсалысуға дайын ауыл қоғамының белсенді бөлігіне бағытталған”, - дейді Ілияс Бақтығалиев.

Ал саясаттанушы Елдос Жұмағұлов ауыл тұрғындарына арналған бұл платформаны қызықты бастама деп атады.

“Енді кімнің ауылды дамытуға қатысты жақсы идеясы, табысты тәжірибесі немесе елге пайдалы ұсынысы болса, оны онлайн платформа арқылы бөлісе алады. "Ауылым" деп аталатын бұл жобаны "Ауыл" партиясы іске қосқан. Ауылда қолынан іс келетін, еңбекқор, түрлі іске бейім адамдар өте көп. Бірі шағын цех ашып, ауылдастарын жұмыспен қамтып отыр. Бірі мал шаруашылығын заманауи тәсілмен дамытқан. Бірі жылыжай кәсібін жүргізіп жүр. Тағы бірі ұлттық өнерді немесе ауыл туризмін қолға алған. Осындай қарапайым, бірақ пайдалы тәжірибелер ауылдарда аз емес. Бірақ көп жағдайда біз олар туралы білмейміз. Себебі әркім өз ауылында жүр, ал тәжірибе бөлісетін орта аз. Шын мәнінде, кейде бір ауылда нәтиже берген қарапайым идея екінші бір ауыл үшін дайын шешім болуы мүмкін. Мысалы, су үнемдеу тәсілі, кооператив құру тәжірибесі, жастарды ауылда ұстап қалудың жолы немесе шағын кәсіптің моделі. Осындай дүниелер кеңірек тараса, ауылдардың өз ішінде де бір-бірінен үйрену процесі қалыптасар еді”, – дейді ол. 

Ол “Ауылым" платформасында ұсыныс айтуға, өз тәжірибеңмен бөлісуге мүмкіндік бар екенін алға тартты.

“Платформадағы ұсыныстар карта арқылы көрінеді. Яғни қай өңірде қандай мәселе немесе қандай бастама бар екенін ашық көруге болады. Бұл белгілі бір деңгейде мемлекеттік органдар үшін де пайдалы құрал болуы мүмкін. Ауылды дамыту тек мемлекеттің ғана міндеті емес, ол ауыл тұрғындарының белсенділігіне көбірек мән берген де дұрыс. Сол тұрғыдан қарағанда Ауыл партиясының "Ауылым" платформасы ауыл тұрғындарының ойын, ұсынысын және тәжірибесін бір жерге тоғыстыратын қызықты алаңға айналуы мүмкін”, – дейді ол.

Айта кетейік, жоба баламасы жоқ бастама ретінде әзірленіп, ашық диалог орнатуға және ауыл тұрғындарын аумақтарды дамыту үдерісіне кеңінен тартуға бағытталған құрал ретінде ұсынылады. Оның басты мақсаты – әрбір тұрғынның үні еленіп, ескерілуін қамтамасыз ету.

Инициатива аясында ынталандыру тетігі қарастырылған: тұрғындары ең көп ұсыныс жолдаған 10 белсенді ауылға бір жыл мерзімге тегін интернетке қолжетімділігі бар Starlink жабдығының жиынтығы табысталады. Барлығы 10 жиынтық үлестіріледі.

auylym.auyl.kz платформасы ауылдық аумақтарды біріктіретін және әрбір азаматқа өз өңірінің дамуына тікелей ықпал етуге мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық кеңістікке айналуда.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 26 Мамыр, 2026 19:00