"Күтпедік": Алматыда мектеп түлектері кортеж бен қымбат кештің орнына игі іс жасады

Желіде қымбат бітіру кеші мен кортежден бас тартып, оның орнына қайырымдылық жасаған Алматының Бостандық ауданындағы мектеп бітіруші түлектері көптің ықыласына бөленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жас түлектер аутизм спектрі бұзылысы бар балаларға арналған оңалту үйінде тұратын көпбалалы ана Диляра Райымжановаға теледидар сыйлады. Ол ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отыр.
Ананың мұндай қамқорлыққа жүрегі елжіреп, түлектерге алғыс айтты.
“Көңілдеріңізге көп рақмет. Бітіруші түлектерге алғысым шексіз. ҰБТ-дан 140 балл жинап, жақындарыңыздың үмітін ақтауларыңызға тілектеспін. Бұл біз үшін үлкен құрмет. Мұндай сый күтпеген едік”, – деді ол.
Түлектер бұл маңызды күннің тек мереке ретінде ғана емес, игі іспен де есте қалғанын қалаған. Жастар мұндай бастамалар қоғамда мейірімділік пен жанашырлықтың маңызын көрсетеді деп санайды.
“Ата-бабамыз “Бір адам құдық қазса, мың адам су ішеді” деген. Осы акция арқылы барша адамды күнделікті өмірде жақсылық жасауға шақырамыз”, – деді түлектер.
Желі қолданушылары да түлектердің бұл әрекетін жылы қабылдады. Көпшілік олардың бастамасын бітіру кешін әртүрлі форматта, соның ішінде қайырымдылық арқылы да атап өтуге болатынын көрсеткен үлгі деп бағалады.
“Осындай үлгілі мектеп барына шүкір”, “Жарайсыңдар, түлектер”, “Керемет, міне ақылды түлектер”, “Недеген ақылды балалар”, “Нағыз азаматтық”, – деп жазды олар.
"Даму мен экологияны бір-біріне қарсы қоюға болмайды": Алматылықтарға болашақ Superski курортының маңызы түсіндірілді
Оқыңыз