Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

240-тан астам марапат: Шелек ауылындағы жаңа мектеп елді мекендегі білім сапасын қалай өзгертуде

Фото: Алматы облысының әкімі Әбдуәлі Қайдар атындағы мектеп оқушыларымен бірге

Әбдуәлі Қайдар атындағы орта мектепте оқушыларды, мұғалімдерді, ата-аналарды және ауыл тұрғындарын біріктірген ауқымды "Жұлдыздар шеруі" мерекесі өтті. Шеруге олимпиада, ғылыми, шығармашылық және спорттық байқаулардың 242 жүлдегері мен мектептің үздік оқушылары қатысты. Іс-шараға Марат Сұлтанғазиев, Beeline Қазақстан компаниясы мен оның Zhyly Zhurek қорының өкілдері, қоғам қайраткерлері, қазақстандық эстрада жұлдыздары мен блогерлер жиналды.

Іс-шара барысында олимпиада, ғылыми және спорттық жарыстардың жеңімпаздары марапатталды. Ал үздік педагогтер білім саласын дамытуға қосқан үлесі үшін алғысқа ие болды. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев мектеп мұғалімдеріне құрмет грамоталарын берсе, Zhyly Zhurek қоры мен Beeline Қазақстан өкілдеріне ауылдағы білімді дамыту мен талантты балаларды қолдауға қосқан үлесі үшін алғыс хаттарды табыстады.

Одан бөлек, 50 дарынды оқушыға ерекше сый ретінде Көлсай көлдері мен Шарын шатқалына туристік жолдамалар сыйланды. Сонымен қатар, ең үздік бес оқушы Түркияға білім алу сапарына бару мүмкіндігіне ие болды.

Бірнеше жыл бұрын Шелек ауылының тұрғындары көптеген ауылдық жерлерге ортақ мәселелермен кездескен. Атап айтқанда, мектептерде орын тапшылығы болып, үш ауысымды оқу жүйесі мен балалардың қосымша дамуына арналған мүмкіндіктер шектеулі еді.

Фото: Алматы облысының әкімі мен Beeline Kazakhstan компаниясының корпоративтік коммуникациялар жөніндегі директоры мектеп мұғалімін марапаттап жатыр

Бүгінде жағдай түбегейлі өзгерді. Әбдуәлі Қайдар атындағы мектеп Beeline Қазақстан холдингі мен оның корпоративтік Zhyly Zhurek қоры тарапынан салынған. Бұл мектеп әлеуметтік инвестициялардың тек білім сапасын ғана емес, тұтас ауылдың болашағын да өзгерте алатынын көрсететін үлгіге айналды. Қазір мектепте 873 оқушы білім алады, ал биыл 59 оқушы мектеп бітіреді.

13 мың шаршы метрді құрайтын заманауи үш қабатты ғимарат 900 оқушыға арналған. Мұнда STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, медиастудия, шеберханалар, кітапхана, спорт залдары және жобалық жұмысқа арналған кеңістіктер бар.

Бірақ ең басты өзгеріс инфрақұрылымда емес, оқушылардың өзінде байқалды.

Мектеп жұмыс істеген алғашқы жылы оқушылар аудандық, облыстық және республикалық байқауларда 50-ден астам марапатқа ие болды. Ал биылғы оқу жылында бұл көрсеткіш 240-тан асты. Оқушылар олимпиадаларда, ғылыми жобаларда, шығармашылық байқауларда және спорттық жарыстарда жеңімпаз атанып жүр. Биылғы түлектердің ішінде 3 оқушы "Алтын белгіге" үміткер болса, тағы 8 оқушы ерекше үлгідегі аттестат алуға үмітті.

Фото: Олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері

Мектеп оқушылары республикалық "Айқанат" олимпиадасының финалистері атанды. "Алтын түлек" республикалық математикалық олимпиадасының жеңімпаздары болды. Химия, орыс тілі мен әдебиеті пәндері бойынша облыстық олимпиадалардың және "Дарын" мен "Зерде" ғылыми байқауларының жүлдегерлері атанды. Оқушылар зияткерлік жарыстардың бас жүлдесін жеңіп, ақшалай сертификаттарға ие болып, Алматы облысын республикалық деңгейде табысты танытып жүр.

Жоғары нәтижелерді мектептің спорттық командалары да көрсетіп келеді. Баскетбол командасы Алматы облысының чемпионы атанып, өңір намысын Астана мен Қызылорда қалаларында өткен республикалық жарыстарда қорғады.

Балалардың оқуға деген көзқарасы да өзгерген. Бүгінде оқушылар сабақтан кейін зертханаларда қалып, робототехника мен жасанды интеллектті үйренеді. 3D-принтерлер және заманауи станоктармен жұмыс істеп, өз жобалары мен өнімдерін әзірлейді. Көптеген оқушылар кәсіби камералар мен дрондар арқылы түсірілім жасауға қызығып, спортпен және шығармашылықпен белсенді айналысып жүр.

Фото: Әбдуәлі Қайдар атындағы орта мектептің аспаптық ансамблі

Мектеп директоры Ляззат Қарабаеваның айтуынша, бүгінде Шелек оқушылары қалалық және жекеменшік мектептердің оқушыларымен еркін бәсекеге түсіп жүр.

"Біз үшін ең маңыздысы – балалардың қалай өзгеріп жатқанын көру. Олар өздеріне сенімді бола бастады, батылдық танытып, өз мүмкіндіктеріне сенуді үйренді. Бүгінде біздің оқушылар қалалық және жекеменшік мектептердің оқушыларымен бірдей деңгейде республикалық және облыстық ірі байқауларға, олимпиадаларға және ғылыми жобаларға қатысып жүр.
Сабақтан кейін де мектеп өмірі жалғасады. Балалар мұнда міндетті болғандықтан емес, қызық болғандықтан келеді. Бұл барлық өзгерістің ең керемет нәтижесі", – деді Ляззат Қарабаева.

Жоғары нәтижелерді тек оқушылар ғана емес, педагогтер де көрсетіп келеді. Мұғалімдер де республикалық және облыстық кәсіби байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған. Соның ішінде "Дарынды балаларға – талантты ұстаз" байқауында да үздіктер қатарынан көрінген. Бастауыш сынып мұғалімдері "Алтын тұғыр" олимпиадасында ең мықтылардың қатарына енді.

Фото: Шығармашылық конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері

Іс-шарада сөз сөйлеген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев сапалы білім беру мемлекет үшін ең маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет білімді ұрпақ – елдің болашағын айқындайтын басты күш екенін айтқан. Шелек ауылында заманауи мектептің ашылуы ауылдың дамуы мен балалардың мүмкіндігін кеңейту жолындағы маңызды қадам. Соның арқасында үш ауысымды оқу мәселесі шешіліп, ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықты қысқартуға мүмкіндік туды.
Мектеп небәрі екі жыл ғана жұмыс істеп жатқанына қарамастан, оқушылар мен педагогтер халықаралық, республикалық және облыстық байқаулар мен олимпиадаларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Бұл – мұғалімдердің кәсіби деңгейі мен балалардың білімге деген ұмтылысының айғағы", – деді өңір басшысы.

Zhyly Zhurek қоры корпоративтік қоры сапалы білім баланың қай жерде тұратынына байланысты болмауы керек деп есептейді.

"Біз ауыл балалары да қаладағы балалар сияқты сапалы білім алып, бірдей даму мүмкіндігіне ие болуы керек есептейміз және соған шын жүректен сенеміз. Сондықтан біз үшін Шелек ауылында баланың өз қабілетін дамытып, жаңа білім алып, өзіне сенуді үйрене алатын заманауи мектеп салу өте маңызды болды", – деді қор директоры Анар Жұмағұлова.
Фото: Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері

Beeline Қазақстан үшін Шелек ауылындағы мектеп компанияның ең маңызды әлеуметтік жобаларының біріне айналды. Бұған дейін холдинг елдің әр өңіріндегі сегіз ауыл мектебін жаңартып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен.

Жоба мектеп ашылғаннан кейін тоқтап қалған жоқ. Компания оқушыларға қолдау көрсетуді жалғастырып келеді. Атап айтқанда, балалар үшін шеберлік сабақтары, сарапшылармен және холдинг қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырылады. Сондай-ақ QazCode мамандарымен танысу арқылы оқушылар заманауи мамандықтар мен технологиялар туралы ақпарат алады.

"Біз үшін бұл тек мектеп салу ғана емес. Бұл – балалардың болашағына, олардың дамуына және тұтас өңірдің өркендеуіне жасалған инвестиция. Әрбір бала, ауылда тұрса да, үлкен қалада тұрса да, өзінің өсуі мен дамуына мүмкіндік бар екенін түсінуі біз үшін өте маңызды", – деп атап өтті Beeline Қазақстан компаниясының корпоративтік коммуникациялар директоры Елена Мухсинова. 

Бүгінде Әбдуәлі Қайдар атындағы мектеп Шелек ауылы үшін жай ғана білім беру мекемесі емес. Бұл – ауыл балаларына заманауи технологияларға, сапалы білімге және бұрын тек ірі қалаларда ғана қолжетімді болып келген жаңа білімдерге жол ашқан мүмкіндік алаңы. Осындай жобалар болашағына сеніммен қарайтын, алдына биік мақсат қоя білетін және өз мүмкіндіктері туған жеріне байланысты емес екенін терең түсінетін жаңа буынды қалыптастырады.

Stan.kz
Сейсенбі, 26 Мамыр, 2026 17:50