Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында студенттерді диплом қорғай сала әскерге алып кеткен: Қорғаныс министрлігі желідегі шудан соң тексеріс бастамақ

диплом қорғаған күні әскерге
Фото: freepik.com

Желіде Қарағанды облысында жоғары оқу орындарының түлектерін емтихан мен диплом қорғау сәтінен кейін бірден әскерге күштеп алып кеткені туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі тексеріс жүргізетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тексеріске әлеуметтік желілердегі жазба себеп болған. Қарағанды техникалық университетінің түлектерін диплом қорғағаннан кейін тікелей әскери комиссариатқа алып кетті деген ақпарат тарады. Мұны студенттердің бірінің әпкесінің айтуынша, жігіттерге әскерге шақыру қағазын артқы күнмен рәсімдеп беріп, медициналық комиссиядан өтуге жіберген. Жігіттерде кейінге қалдыру құқығы болса да, оны ескермеген. Кейін әскери прокуратураға, полицияға және Қорғаныс министрлігіне жүгінгеннен кейін ғана студенттер босатылған.  

“23 мамырда інім дипломын қорғады. Сол кезде әскери комиссариат адамдары студенттерді кабинетте шығармай, сағат 10 шамасында әскерге шақыру қағазын береді. Кейін ештеңе түсіндірместен әскери комиссариатқа, кейін медициналық тексеріске алып кеткен. Жаңалықты естігенде бірден сол жаққа жүгірдім. Барсам, олар “біз ешкімді де жібермейміз. Ініңіз оқуын бітірді енді әскери борышын өтейді” дейді. Ал мен қарсы шықтым, оның магистратурада білім алатынын айттым. Ал олар маған інімнің дипломын алатынын, кейін мүлде араласпауымды сұрады. Тіпті сол жақтан мені қуып шықты. Кейін мен министрліктен бастап полиция, тіпті әскери полицияға жүгіндім. Осылайша, бір күннен аса уақыт інімді ұстап отырып, тек менің шағымдарынан кейін ғана босатты. Дипломын да, өзінің істеп жүрген ғылыми жобасының қымбат техникасын алып алған. Ал жігіттерге “әйелмісіңдер, жыланбаңдар” деген сияқты сөздер айтып кемсіткен”, – деп баяндады жігіттің әпкесі. 

Желі қолданушылары осыған ұқсас жағдайлардың болғанын айтып, мәселені қызу талқылады.

Кейбір жазбаларда мұндай әрекеттер әскерден жалтарумен күресу және жергілікті билік шешімдеріне сілтеме жасау арқылы түсіндірілгені айтылған. Бірақ бұған нақты дәлелдер келтірілмеген.

Министрлік барлық жағдайды, соның ішінде шақыру шараларын өткізу кезінде заңнаманың сақталуын да тексеретінін атап өтті.

"Әлеуметтік желілерде жоғары оқу орындарының түлектеріне диплом жұмыстарын қорғағаннан кейін жергілікті әскери басқару органдары өкілдерінің заңсыз әрекеттері туралы ақпарат тарауда. Осы факті бойынша азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруға байланысты іс-шараларды өткізу кезінде заң талаптарының сақталуын қоса алғанда, барлық мән-жайларды зерделей отырып тексеріс ұйымдастырылды", – деп хабарлады ведомство.

Министрлік заң бұзушылықтар мен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактілері расталған жағдайда кінәлілер жауапкершілікке тартылатынын қоса кетті.

Stan.kz
Сейсенбі, 26 Мамыр, 2026 18:06