Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Халық жауы деген қара дақ қалды": Алматыда белсенділер Қаңтар құрбандарын еске алып, құран бағыштады

Бүгін, 5 қаңтарда Алматыда Қаңтар оқиғасының екі жылдығына байланысты белсенділер мен қайғылы оқиғада құрбан болғандардың туыстары жиналып, құран бағыштады. Қаза болғандардың кейбір жақындары туыстарының жазықсыз жан тапсырғандарын айтып, биліктен әділдік талап етті. Белсенділер әлі күнге дейін шындықтың ашылмағанын алға тартып, бұған үкіметті кінәлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кантар еске алу 2024

Республика алаңында, Қаңтар оқиғасының екі жылдығына орай құран бағышталатыны туралы бір күн бұрын хабарланған. Сағат 12:00 белгіленген жиылысқа адамдар ерте жинала бастады. Сағат 11:00 шамасында Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандардың туыстары “Тағзым” мемориалы алдына келді. Олар ескерткіш алдына туыстарының суретін қойып, жеті шелпек пен гүл шоқтарын қоса қойды. 

Сондай-ақ мемориалдың алдына Қаңтар құрбандарының есімі мен туған күні жазылған баннер орнатылды. Бұған дейін туыстары президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келіп ашқан ескерткіштің ішіне қаза болғандардың есімі жазылмағанына наразылығын білдірген еді.

Кантар еске алу 2024 2

Белгілі саясаткер Рысбек Сәрсенбай бастаған белсенділер Республика алаңына жиналды. Ескерткіш алдына келгендердің ішінде Қаңтар оқиғасы кезінде екі көзінен айырылған Ермек Әбдірешов, саяси белсенді Инга Иманбай, құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов секілді азаматтар болды. 

Қаңтар оқиғасының зардабын халық тартып отыр деген Рысбек Сәрсенбай қайғылы оқиғада оққа ұшқан Айкөркем Мелдеханның өлімі – қасіретке ұшыраған жас сәбилердің символына айналғанын айтты. 



“Біз осының барлығын осындай қаралы күнде айтуға тиіспіз. Билік ондайды қайталамас үшін, оған жол бермес үшін бүкіл ел болып осыны көтеруіміз керек. Қазір саяси себеппен түрмеде отырған азаматтардың босатылуы үшін күресуіміз керек. Марқұм болғандардың жандары жәннатта болсын, топырақтары торқа болсын! Біз оларды ешқашан ұмытпаймыз. Әруақтар біздің көңілімізде”, – деді ол жиналғандардың алдында сөйлеп тұрып.

 

Кантар еске алу 2024 3

Жиналғандар ескерткіш алдында Қаңтар құрбандарының атына құран бағыштады. Белсенділер құрбан болған 238 азаматтың аты-жөні жазылған плакат алып шықты. Жиналғандар сондай-ақ “Біз – террорист емеспіз!”, “Біз – күрескер халықпыз!” деп ұрандатты.

Ескерткіш алдына келген марқұмдардың туыстары құран бағыштап, еске алып жатқан белсенділердің әрекетіне рахмет айтты. Олар бұл жағдайға тап болған халықты үкімет қолдауы тиіс екенін бірақ ешбір қолдау көрсетіліп жатпағанын алға тартты.

“Қасымызда әкімдік болып, бізге тіреу болуы керек еді. Бірақ мұның ешбірі жасалмай жатыр. Алда жасалады деп үміттенеміз”, – деді марқұмдардың туыстарының бірі.

Олардың барлығы жақындарының жазықсыз қаза тапқандарын айтады.

Кантар еске алу 2024 4

Сәлден соң ескерткіш алдына жиналғандар тарай бастады. Айналаны бақылап тұрған полиция өкілдері мен күштік құрылымдар байқалды. Олар белсенділерден жиналыстың соңына дейін көз алмады.

2022 жылы 4 қаңтарда Маңғыстау облысында сұйылтылған газдың қымбаттауынан басталған наразылықты Қазақстанның көптеген өңірінде халық қолдап, жаппай шеруге шыққан. Кейін бірнеше қалада бейбіт митингінің аяғы тәртіпсіздікке ұласып, оқиға бақылаудан шығады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл оқиғаны "билікті күшпен басып алу" деп бағалап, әскерилерге ескертусіз оқ атуға бұйрық береді. Елде төтенше жағдай жарияланып, билік мемлекетке "террористер шабуыл жасады" деп мәлімдейді.

Қақтығыстардан, әсіресе, Алматы қаласына қатты залал келді. 6 қаңтарда Қазақстан билігі ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінен көмек сұрады. Қасіретті қаңтар оқиғалары кезінде 238 адам опат болды. Оның 19-ы – құқық қорғау органдары өкілдері мен әскери қызметкерлер.

Айта кетейік, Қаңтар оқиғасының екі жылдығына орай Qazaqstan арнасының “Қаңтар” деректі фильмі шықты. Сондай-ақ Қазақстан президенті бұған дейінгі сұхбатында Қаңтар оқиғасын халық көтерілісі деп санамайтынын айтқан. Президенттің пікірінше, “халық көтерілісі болды деген пікірлер қыл­мыс­тық әрекеттерді ақтау үшін айтылу­да”.

Талқылау