AAPL
157.87 $
2.85 %
TSLA
1096.38 $
0.68 %
NDAQ
208.7 $
-0.59 %
GOOGL
2996.77 $
1.21 %
FB
338.69 $
-0.61 %
FRHC
70.79 $
-0.21 %
AAPL
157.87 $
2.85 %
TSLA
1096.38 $
0.68 %
NDAQ
208.7 $
-0.59 %
GOOGL
2996.77 $
1.21 %
FB
338.69 $
-0.61 %
FRHC
70.79 $
-0.21 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Арон Атабек деген кім?

24 қараша күні ақын, қоғам белсендісі Арон Атабектің Алматыда қайтыс болды. Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ол коронавирустан көз жұмған. Stan.kz тілшісі марқұмның өміріне шолу жасады.

Атабек

Арон Атабек 1 қазан күні 15 жыл уақыттан соң түрмеден босап шыққан. Павлодар қаласының №2 соты Атабектің ауруына байланысты жазасын жеңілдеткен болатын. Соттың таратқан мәліметіне сәйкес, ол айықпас дертке шалдыққан. Ақынның түрме жазасы пробациялық бақылауға тұру міндеттемелерімен бір жылға бас бостандығынан шектеу жазасына ауыстырылған.

Сол күні түнгі уақытта Арон Атабекті Алматыға жеткізеді. Оның жанында қызы Айдана Айдархан болған. Ақынды әуежайда жиналған бір топ халық күтіп тұрған еді. Алайда ол денсаулығына байланысты жиналғандардың алдына шықпады.

Арон Атабектің түрмеге дейінгі өмірі

Арон Атабек (Едігеев) 1953 жылы 31 қаңтарда Ресейдің Астрахань облысында дүниеге келген. Қазақстанға ол 18 жасқа толған шағында қоныс аударады. 1974 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Бакалаврды тәмамдаған соң Ленинград мемлекеттік университетінің моңғолистика және түркология кафедрасында аспирантурада оқыды, содан кейін Госкино және "Мектеп" баспасында редактор болып жұмыс істеген. Біршама уақыт Алматы университеттерінде сабақ берген.

Ақын, публицист, аудармашы ретінде қызмет ете жүріп кино мәселелері туралы сыни мақалалар, сондай-ақ түркология мәселелері бойынша жұмыстар жазуды қатар алып жүреді. Сол жылдардың өзінде ақын "Атабек" лақап атын қолданған.

Аронның саяси көзқарасы

Арон Атабек 1986 жылы Алматыда қазақ жастарының Желтоқсан көтерілісіне қатысқан. Осыдан кейін екі жыл Қазақстанның түкпірінде жасырынуға мәжбүр болады.

  • 1989 жылдың сәуірінде "Саяси талаптар. КСРО халық депутаттарының 1 съезіне хат" тарихи құжатын ұйымдастырған да осы Арон Атабек болады. Онда ол 1986 жылғы желтоқсанда болған толқуларға байланысты КОКП ОК Саяси Бюросының саяси бағалауын қайта қарау және наразылықтың барлық қатысушыларын босату сонымен қатар Қазақстанға мемлекеттік егемендік беру мәселелерін көтереді. 
  • 1989 жылдың тамызында Атабек Қазақстандағы алғашқы "Жерұйық" Қазақ ұлттық-патриоттық қоғамын ұйымдастырады. Осы ұйымның атынан Алматы қаласының қалалық атқару комитетіне 1986 жылы Алматыда болған желтоқсан оқиғаларының құрбандарын еске алу үшін тризнаны өткізуге рұқсат беру бойынша жеке өзі өтініш береді. Кейіннен өзі қуғынға ұшырап, "Жерұйықты" таратып жібереді.
  • 1990 жылдың сәуірінде Арон "Алаш" ұлттық тәуелсіздік партиясының құрылғаны туралы жариялап, оның төрағасы болады. 1991 жылы қуғын-сүргіннің салдарынан ол Мәскеуге кетуге мәжбүр болады. Онда "Хақ" саяси газетін шығаруды жолға қойып сондай-ақ "Алаш және қазақ ұлты" кітапшасын шығарады.

1992 жылының наурызында Атабек Мәскеудегі жеке пәтерінде мәскеулік ОМОН-ның және қазақстандық екі өкілі: Бас прокуратураның аға тергеушісі Қошанов пен ІІМ полковнигі Семеновтың күшімен тұтқындалады. Оған екі баппен айып тағылды, алғашқысы мүфти Ратбек Нысанбаевтың өмірі мен денсаулығына қастандық жасауды ұйымдастыру және диссидент Кәрішал Асановтың президент Назарбаевқа нұқсан келтіретін фактілермен жазылған мақаласын "Хақ" газетіне жариялауы.

Атабектің қолын кісендеп Мәскеуден Алматыға әкетуге әрекет жасалады. Алайда Ресей мен шет елдердің демократиялық және Ислам қоғамы танымал ақынды қорғауға келді. Нәтижесінде ол уақытша Мәскеуде қалады. Сауд Арабиясы, АҚШ және Германия Аронға саяси баспана ұсынады бірақ ол Әзірбайжан президенті Абульфаз Ельчибейден ресми шақыру алып, отбасымен және бірнеше адал серіктерімен Бакуге аттанады. Онда ақын "Түркістан" комитетін құрады.

Ақынның Қазақстанға оралуы

Арон Атабек Қазақстанға 1996 жылы қайта оралып, бірақ қудалаудан қаймығып саясатпен айналыспайды. Тұрақты табысы мен құжаттары жоқ ол жалдамалы пәтерлер мен саяжайларға тұрақтап жүруге мәжбүр болады.



2004 жылы ол Қазақстанның саяси өміріне қайта белсене араласып, "Қазақ ұлты" қоғамының ұйымдастырушысы және төрағасы болады. 2005 жылдың наурыз айында Атабек Қазақстанның Халық майданы "Қазақ мемлекетін" ұйымдастырады. Сол жылдың маусым айында үйсіз қазақтардың құқықтары үшін қозғалыстың бастамашысы болып жүреді.

"Шаңырақ" оқиғасы 

Ақын Арон Атабек 2006 жылы 14 шілдедегі "Шаңырақ оқиғасынан" кейін сотталады. Сол күні Алматының іргесіндегі "Шаңырақ" ықшамауданының тұрғындары үйлерін сүріп тастамақ болған полиция күштері мен билік өкілдеріне қарсылық көрсетеді. Билік өкілдері аталған аудандағы тұрғын үйлер заңсыз басып алынған учаскелерде салынғанын алға тартады.

Журналистер алдында сөйлеген сөзінде Атабек жұртшылықты өз бетімен салынған ғимараттар мен жатақханалар мәселесіне құлақ асып, билікті тұрғын үйлерді бұзуға мораторий жариялауға шақырады.

Шаңыраққа полицейлер мен сот орындаушылары келгенде алдын ала дайындалған жергілікті тұрғындар оларға тас атып, жанатын сұйықтық кұйылған бөтелкелерді лақтырады. Қақтығыстың салдары ауыр болып, ұрып-соғумен және адамдарды кепілге алумен қатар өрбиді.

Қақтығыс кезінде 24 жастағы полицей қаза табады, наразы жұрт оның үстіне бензин құйып, өртеп жіберген. Денесінің 70 пайызын күйік шалған ол, кейін ауруханада көз жұмады.

Билік қызметкердің өліміне бірнеше жергілікті тұрғын мен белсенді қатысушы Атабекті айыптайды. Ал куәгерлер Аронның керісінше полицейге көмектеспек болғанын, алайда тәртіп сақшыларының соққысының астында қалғанын айтқан. 2006 жылдың 17 шілдесінде Арон Атабек куәгер ретінде жауап алуға шақырылады, бірақ ІІББ ғимаратынан қайта шықпайды. Ол 18 жылға бас бостандығынан айырылады.

Сот отырыстарының бірінде Атабек пен тағы бір сотталушы наразылық ретінде іштерін лезбімен тіліп тастайды.

Апелляциялық шағым 2008 жылы Жоғарғы Сотта қайта қаралады. Бірақ куәгерлердің айғақтарын өзгертіп, олардың бірінің өзіне қысым жасалғанын айтқанына қарамастан сот үкімді өзгеріссіз қалдырады.

Түрмедегі жылдар

Түрмеде отырған жылдары Атабек кешірім сұрап, шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы мүлдем өтінген емес. Ол өзінің жазықсыз екенін айтып, толық ақталуын талап етумен болған.

2014 жылы "Ашық диалог" қорының баяндамасында ақынның бір колониядан екіншісіне үздіксіз ауысуы оған көрсетіліп жатқан қысымның айғағының көрінісі екені айтылады. Екі жылдың ішінде саяси тұтқын Қаражал, Арқалық, Қарағанды және Павлодар қалаларында жазасын өтеген, ал ішкі істер министрлігі орын ауыстыруға заңды негіз бермеген.

Аронның түрмеден босатылуы

1 қазанда Арон Атабек түрме қабырғасынан босап шығады. Бірақ бұл туралы өзі Алматыға келген бойда белсенділермен болған кездесуде өзінің босатуды сұрамағанын және полицейлердің алдап соққанын айтады. Ақынның бостандыққа шыққаны көптеген қазақстандықтардың қуанышын туғызғанымен, белсендінің денсаулық жағдайын көргендер қайран болып жатты.

"Бұл сотта мен бірден айттым: бұл сотты мойындамаймын, ауруыма байланысты немесе басқа себептер бойынша мені босатудың қажеті жоқ. Мен тек толық сауықтыруды, яғни менің адал атымды қалпына келтіруді және материалдық өтемақы төлеуді талап етемін. Үкімді оқыды. Мен сотты мойындамайтынымды айттым. Мен шартты түрде босатуды сұраған емеспін", - деген Арон Атабек.



Арон Атабектің бостандыққа шыққанына бір ай уақыт өтпей жатып, ақын қазанның 20-сы күні қаладағы жекеменшік емханалардың бірінде комаға түсіп қалады.

Түрмеден шартты жазамен босап шыққан Арон Атабек 68 жасында қайтыс болды. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы саяси тұтқын Арон Атабектің коронавирустан көз жұмғанын мәлімдеді.

Арон Атабектің қарындасы Рәзия Нұтышева Азаттық радиосына айтқан сөзінде, ақынның ауруханада жүрегі тоқтап қалғанын айтқан.

Бұған дейін Арон Атабектің асистолия түрі бойынша қан айналымының тоқтауынан көз жұмғаны айтылған. Атабек бір айдан бері ауруханада жатқан еді.

Арон Атабектің қызы әкесінің өлімі жайлы

Ақынның қызы Айдана Айдархан әлеуметтік желідегі жазбасында әкесінің өз өлімін болжағаны жайында айтқан.

"Мен әкем Арон Атабекті тірідей соңғы рет 10 күн бұрын 13 қарашада көрдім. "Сұңқар" емханасына мені тек бір рет ғана кіргізді. Ол кезде мен өзімнің бүкіл сұрақтарыма жауап алып үлгермедім. Енді міне бірнеше сағат бұрын менің әкем қайтыс болды. Әкем өзінің қалай өлетінін сонау 1980 жылдары дәл болжаған екен. "Сұңхар" емханасында оның сөйлеу қабілеті тоқтатылды: тамағындағы тесікке демалу үшін түтікше қойылған. Бұған дейін ақынның жаза алмасы үшін қолдарынан айырған. Өз халқына қарай жүргізбес үшін аяқтарын сындырған", - деп жазған Айдана әкесінің өлеңін қоса жариялаған.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр