Ақыл тісті қашан жұлу керек – Дәрігер түсіндірді

Тіс дәрігері төрт жағдайда ақыл тісті жұлмауға болатынын айтты. Егер тісте кариес болмаса, қарама-қарсы тіс болса, тіс қатарында дұрыс орналасса және ауыз қуысының шырышты қабатын жарақаттамаса ақыл тісті жұлу міндетті емес. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Газете.Ru" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Хирург-стоматолог Марсель Файзрахмановтың айтуынша, егер ақыл тісте кариес болса, көп жағдайда оны жұлу керек. Себебі ауыз қуысының ең артқы бөлігінде орналасқандықтан оны толық емдеп, сапалы түрде қалпына келтіру мүмкін емес әрі кейде тиімсіз.
Егер ақыл тіс көрші тіске кері әсер етсе немесе ауыз қуысының шырышты қабатын үнемі жарақаттап, зақым келтірсе міндетті түрде жұлу керек.
Сондай-ақ егер оған қарсы тұратын тісі болмаса, ақыл тіс ешқандай қызмет атқармайды және функциялық жүктеме болмайтындықтан дәрігер мұндай жағдайда да оны алып тастауға кеңес береді.
Алайда егер науқастың жоғарғы және төменгі жақтағы ақыл тістері толық шыққан, тіс қатарында дұрыс орналасқан, қарсы тістері бар, кариеспен зақымданбаған, ауыз қуысының шырышты қабатын жарақаттамаса және пациент ауыз гигиенасын толық сақтаса ақыл тіс ауыз қуысында өз қызметін толық атқарады.
“Тәжірибеде ақыл тісті жұлу мәселесіне әр жағдайға жеке қарап, өте мұқият бағалау қажет. Бұл жерде бір ғана стандартты тәсілді қолдануға болмайды”, – дейді дәрігер.
Оның сөзінше, егер жұлу қажет болса, әр науқаста бұл процесс жеке жүргізіледі және тістің көлемі, түбірлерінің пішіні, сүйек тінінің тығыздығы, тістің бұзылу деңгейі сияқты көптеген факторларға байланысты болады.
Бұған дейін маман ақыл тістер қандай жағдайларда қауіпті екенін айтқан еді. Оның сөзінше, ақыл тістер ең соңынан шығады. Бірақ ақыл тістер бәрінде бірдей шыға бермейді. Ересектердің 35%-ында 28 тұрақты тіс бар. Ақыл тістер 18 жастан кейін шығады.
Ақыл тістер егде жаста да шығуы мүмкін. Дәрігерлер тәжірибеде 80, 92 жаста да ақыл тіс шыққан жағдайлар болғанын айтады.
Қандай жағдайда ақыл тістерді жұлдырып тастайды?
- Ақыл тістер қызылиекті жарып шыға алмаған жағдайда олар адамға қолайсыздық тудырады. Тамақ жеу кезінде ауырады. Нәтижесінде қызылиекте ісік пайда болады.
- Ақыл тісі толық өспеген жағдайда жақ сүйегінің шетіне тіс щеткасының жетуі қиын. Тіс тазалағанда бұл жағдаймен күнделікті бәріміз де кездесеміз. Ал толық өспеген тіс тісжегінің ошағына айналатыны – табиғи жағдай. Олар уақыт өте келе басқа сау тістерге өтеді.
- Жақ сүйекте ақыл тіс шығатындай жеткілікті орын болмаса, шығып жатқан тістер ұдайы қозғалыста болады. Ақыл тіс орын іздеп басқа тістерді орнынан қисайтады. Кейде тісте болатын аурулар осының салдарынан шығады.
Оқыңыз