Алматыдан пәтер әлде үй: 30 миллион теңгеге қандай баспана алған тиімді

Алматыдағы жылжымайтын мүлік нарығында эконом санаттағы тұрғын үй сегментінің құны күрт өсіп жатыр. Сатып алушыларға 30 миллион теңгеге қала ішіндегі өтімді пәтер пен қала маңындағы жайлы үйдің арасында таңдау жасауға тура келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Риэлтор Расмия Абдуллаева Digital Business-тің сұрауы бойынша аталған екі жағдайда қаражатты қалай бөлуге болатынын егжей-тегжейлі есептеп берді.
Қала ішіндегі пәтер
Маманның пікірінше, бұл нұсқа қолда бар бюджет үшін ең қауіпсіз шешім болып саналады. 30 миллион теңгеге Алматыдан 40-55 шаршы метр аумақтағы 1-2 бөлмелі пәтер сатып алуға болады.
Орналасқан жері: Алатау ауданы (Зерделі, Ақбұлақ, Шұғыла, Қалқаман шағын аудандары) немесе Түрксіб ауданы (Жұлдыз, Алтай шағын аудандары). Оның артықшылықтары, мұндай жылжымайтын мүлікті болашақта жалға беру немесе сату оңай, сондай-ақ күтіп ұстау шығындары төмен. Қыста жылытуға 10-15 мың теңге, жарық, су және интернетке 10-15 мың теңге жұмсайсыз. Жалпы шығын – айына 35 мың теңгеге дейін. Ал жазда жалпы шығын шамамен 15-20 мың теңге болады.
Қала маңындағы үй
Риелтордың айтуынша, 30 миллион теңгеге жеке үйді қала сыртынан, яғни Қаскелең, Боралдай немесе Бесағаш сияқты елді мекендерден ғана табуға болады. Әдетте, бұл 4-6 соттық жер телімінде орналасқан 80-100 шаршы метрлік үй болады.
“Мұндай баға сегментіндегі нысандарда жиі білінбейтін ақаулар немесе құжат мәселелері болады. Сондықтан мемлекеттік актіні, газдың заңды қосылғанын және су жүйесінің мәртебесін міндетті түрде тексеру өте маңызды”, – дейді Расмия Абдуллаева.
Үйді күтіп ұстаудың нақты шығыны әлдеқайда жоғары. Мұндай үйде ел қатарлы өмір сүру үшін іс жүзінде 40-50 миллион теңге қажет болуы мүмкін.
Коммуналдық қызметтер: тек газдың өзі 30-60 мың теңге шамасында, ал жалпы айлық төлемдер 150 мың теңгеге дейін жетеді.
Көлік шығыны: күнделікті шамамен 100 шақырым жүретін болса, бензинге айына 60-70 мың теңге кетеді.
Есептеулер көрсеткендей, 30 миллион теңге бюджетпен үй салу мүмкін емес. Мысалы, Боралдайда 6 соттық жер телімі кемінде 9-18 миллион теңге тұрады, ал 90 шаршы метрлік үйдің жай қабырғасын тұрғызу шамамен 27 миллион теңгеге шығады. Нәтижесінде жалпы сома 37 миллион теңгеге дейін жетеді, бірақ бұл есепке қоршау, жиһаз және инженерлік желілерді қосу кірмейді.
Маманның айтуынша, егер мақсат – қаржылық тұрақтылықты қалап, көп жұмыс керек емес десеңіз, пәтер алу сөзсіз тиімдірек. Ал үй тек негізгі бюджеттен бөлек қомақты қаржы қоры бар және нысанға тұрақты инвестиция салуға дайын адамдар үшін ғана қолайлы.
Оқыңыз