Әскерге шақырылған жігіт полициядан қашамын деп ұсталып қалды

Шымкентте полиция қызметкерлерінен қашамын деп құлап, ұсталып қалған жігіттің видеосы тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 2 мамыр күні Чапаевка ауданында болған. Полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдар әскерге шақырылушыны әскери есепке қою үшін жоспарлы іс-шаралар жүргізген. Ал жігіт жағдайды дұрыс түсінбей, қашуға тырысқан, эмоцияға бой алдырып құлап қалған.
“Мен полиция қызметкерлерін көріп, қорқып қашып кеттім. Сосын мені әскери комиссариатта ұстап қалды. Мен әскерге өз еркіммен бара жатырмын”, – деді болашақ сарбаз.
Ведомствоның мәліметінше, себебі түсіндірілгеннен кейін жігіт өз еркімен жинақтау пунктіне барып, медициналық комиссиядан өткен. Қорытынды бойынша әскери қызметке жарамды деп танылды.
ОқыңызОл қызметкерлердің әрекеттеріне қатысты шағымы жоқ екенін айтты. Сондай-ақ бұған дейін әскрге шақырылушыға қағаз жіберілген.
Бұған дейін Астанада жігіттерді әскерге кофеханадан күштеп әкеткен видео тараған еді. Куәгерлердің айтуынша, форма киген адамдар келушілердің жеке сәйкестендіру нөмірін сұрап, жасын тексеру сылтауымен құжатын қарап, кейін кейбірін алып кеткен.
Осы жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Қорғаныс вице-министрі Асқар Мұстабековтен мән-жайды сұрады.
“Бұл кісі бірнеше рет хабарлама алған. Бірақ азамат өзі келмеген соң құзырлы органдар іздеп тауып, оны жауапқа тарту үшін алып келді”, – деді вице-министр.