Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

173 мың теңгеге дейін айыппұл: Әскерден жалтаруға көмектескендерге қандай жаза қарастырылған

ӘскерФото: Freepik.com

Алматыда әскери қызметке шақыруға бақылау күшейтілді. Билік әсіресе жұмыс берушілер мен ұйым басшыларының жауапкершілігіне назар аударды. Ақпаратты қалалық өңірлік коммуникациялар қызметі мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы қаласы әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі, полковник Ержан Рымбектің айтуынша, кәсіпорындар, ұйымдар және оқу орындарының басшылары әскери қызметке жататын қызметкерлер мен студенттер туралы мәліметті уақытында ұсынуға міндетті.

“Мәліметті ұсынбау немесе кешіктіру 10-нан 40 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салуға әкеп соғады”, – деді ол.

Сондай-ақ билік өкілдері әскерден жалтарғаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін еске салды. Қасақана жалтарғандарға 1000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе бір жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған. Ал қызметтен толық жалтаруға тырысқандарға 3000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Алматы қаласы қорғаныс істері департаментінің бастығы, полковник Жақсылық Айтбаев көшеде шақырылушыларды ұстау жағдайларына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, заңсыз әдістерге тыйым салынғанымен, жалтарғандарды іздестіру шаралары толық тоқтатылмайды.

“Кей жағдайда азаматтарды хабардар ету және әскери басқару органдарына жеткізу шаралары жүргізіледі. Егер өкілеттікті асыра пайдалану деректері болса, олар тексеріліп, тиісті шаралар қабылданады”, – деді ол.

Сонымен қатар полковник әлеуметтік желілерде ақшаға “кейінге қалдыру” немесе “әскери билет” уәде ететін делдалдарға сенбеуге шақырды.

“Әскерге шақырудан босату немесе кейінге қалдыру туралы шешімді тек шақыру комиссиясы қабылдайды. Делдалдардың қажеті жоқ. Барлық мәселе мемлекеттік қызметтер порталы арқылы шешіледі. Құжаттарды қолдан жасау және өзге де заңсыз әрекеттер делдалдарға да, шақырылушыларға да қылмыстық жауапкершілік жүктейді”, – деп атап өтті ол.

Айта кетейік, бұған дейін Қорғаныс министрлігі Қазақстанда әскерге шақырудан жалтарғандарға қылмыстық жауапкершілік барын ескерткені хабарланған еді.

Ведомство мәліметінше, мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату туралы шешімді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тек шақыру комиссиясы қабылдайды. Сондай-ақ әскерге шақыру мәселелері бойынша заңгерлік кеңес беру – заңды қызмет. Алайда медициналық құжаттарды қолдан жасау, жалған диагноздарды рәсімдеу және әскери қызметтен жалтарудың өзге де заңсыз тәсілдері үшін делдалға да, әскерге шақырылушы да қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 17 Сәуір, 2026 13:50