Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сені сүйемін деп ашық айта беремін": Желі жұлдызына айналған зейнеткер жұп махаббат хикаяларын бөлісті

Тик Ток ерлі-зайыптыФото: Отбасылық мұрағаттан

Әлеуметтік желіде жұлдызға айналған жұп Қажымұрат Жұмағалиев пен Роза Гумарованың видеолары көпшілікті сүйсіндірді. Отасқанына 37 жыл болған ерлі-зайыптының махаббатына қызыға қарайтындар көп. Жұбайының күтімі мен жайлылығын үнемі ойлап жүретін отағасы Stan.kz редакциясына берген сұхбатында “қартайған сайын әйеліме деген махаббат артпаса кеміген емес” дейді.

Ерлі-зайыпты сонау 1986 жылы танысқан. Ол кезде Қажымұрат аға “Агропромтранс” деген компанияда жүргізуші болып жұмыс істеген. Ал Роза ханым сол жердегі асханада буфетші болып қызмет етті. 

“Жаңадан әдемі буфетші қыз келген соң бүкіл ер адам сол жерге жиі баратын. Солардың ішінде мен де болдым. Мен екі қорап шылым сұрасам, ол бір қорабын беріп, екіншісін түстен кейін беремін дейтін. Мен де уақыт тауып түс қайта тағы барамын. Сөйтіп жүргенде жұмыс уақыты біткен соң буфетке барып “Сізді үйге шығарып салайын” деп үйіне жеткізіп тастап жүрдім. Содан жайлап қарым-қатынасымыз әдемі сезімге ұласты. Негізі бұл кісіні мен бұрыннан көріп, білетін едім. Ол әпкемнің құрбысы еді. Сол кезде-ақ көңілім ауып жүрген. Осылайша үш жыл қыз-жігіт болып жүрдік. 1989 жылы шаңырақ көтердік. Розам Кеңес Одағы құлағанға дейін тамақ саласында өндіріс меңгерушісі болды. Кейін Атырау-Маңғышлақ деген пойызда 20 жыл жолсерік болып, сол қызметпен зейнетке шықты. Мен өмір бойы жүргізуші болып қызмет еткем”, – дейді Қажымұрат аға.

Тик Ток ерлі-зайыптыФото: Отбасылық мұрағаттан

Қазір ерлі-зайыптының екеуі де зейнеткер.

“Қарым-қатынаста түсіністік пен сыйластық маңызды”

Әлеуметтік желіде “Қыз Жібек пен Төлеген” деген атпен танымал ерлі-зайыпты қартайғанда жұлдыз боламыз деп ойлаған емеспіз дейді. Барлығы кенже қызының түсіріп алған видеосынан басталған.

“Рөлде кетіп бара жатып телефонның даусын шығарып әйеліммен сөйлесіп келе жаттым. Күз кезі, қауынның маусымы біткен мезгіл. Кемпірім менен қауын алып келші деп сұрады. Біздің әңгімемізді видеоға түсіріп алғанын да білмеппін. Әйеліме қазір сен сұраған қауын жоқ деп айтып, “сені сүйемін” деген едім, ол маған “сүйемін” деп қарсы жауап қатпады. Сөйтіп әзілдеп “сүймесең сүймей-ақ қой, аман болшы” деген едім, әңгімеміз желіде тез тарап кетіпті. Содан бері қызым біздің әңгіме айтып, ойнап күліп отырғанымызды түсіріп, жариялайды екен. Менің кемпірім өзі ерке. Ол кісіге деген махаббатым ешқашан өшпеген. Қазір қызым үйге келгенде мен қашатын болдым. Қартайғанда ел таниды деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Көшеге шықсақ, базарға барсақ “TikTok-тың жұлдыздары” деп адамды ұялтады. Бір кісі келіп “суретке түсейінші” дегенде шошып кеттім. “Кімсің?” десем қызымның құрбысы екен”, – дейді отағасы.

Қажымұрат аға 68 жаста, жұбайы 73-те. Бес жас үлкендігі болса да менен жас көрінеді дейді ол.

“Бұл кісінің генетикасы сондай, қартаймайды. Әйелімнің анасы 82 жасында дүниеден өтті. Бірақ бетінде әжім болмаған, көзіне көзілдірік таққан емес, 82 жасында инені өзі сабақтайтын”, – дейді желі жұлдызы.

Зейнеткерлер үш қызын қияға қондырып, олардан немере-шөбере сүйіп отыр. Әр аптаның бесінші күні бала-шағамен “нағашылар күні” деп келіп тұрады. Демалыс күндері оларды шығарып саламыз дейді Қажымұрат аға. Айтуынша, әкесі де өмір бойы әйелінің бабы мен жағдайын жасаған жан. Мен де ұяда көргенімді істедім дейді ол.

“Қазір үйде Роза екеуіміз ғанамыз. Кемпірімнің қан қысымы бар. Негізі менің әкем анамды ас үйге жақындатқан емес, өзі жасайтын. Өмір бойы кемпірін баптаумен болды. Анам мен әкемнің махаббатын көріп өскен адаммын. Сол әкемнен көргенімді істеп келе жатырмын. Розаға үйленбес бұрын әкем үйреткен тамақтың бәрін үйде жасай беретінмін. Розам 18 жыл асханада өндіріс меңгерушісі болып жұмыс істеген. Жасаған тамақтары ерекше. Әсіресе, борщі мен дірілдегіне (холодец) ештеңе жетпейді”, – дейді зейнеткер.

Тик Ток ерлі-зайыптыФото: Отбасылық мұрағаттан

Қажымұрат аға ерлі-зайыптының арасында бастысы сыйластық болу керек дейді. Өз әйеліне көңіл бөлмейтін, күтімін жасамайтын ер азаматтарды түсінбеймін дейді ол.

“Қартайған сайын ер адамдардың әйеліне деген махаббаты арта беретін болар. Өз басым кемпірімді қартайған сайын жақсы көріп бара жатырмын. Өзіне де айтамын, “артыңда қалмайыншы” деп сұраймын. Өмір бойы жаныңда жүрген әйеліңе көңіл бөлмеу дегенді түсінбеймін. Өзіне жарасатын, үйлесетін дүниелерді өзіне үнемі айтамын. Киімді де бірге таңдаймыз. Ол тамақ істесе мен ыдыс жуып тастаймын. Мен үшін онда тұрған ештеңе жоқ. Басқаларға да “әйеліңді сыйлағаннан қор болмайсың”деп айтқым келеді. Қарым-қатынаста түсіністік пен сыйластық маңызды. Біреуі көтерілгенде, екіншісі кішірею керек деп ойлаймын. Кемпірімді қартайғанда одан сайын жақсы көріп бара жатырмын”, – деп жұбайына деген көңілінің әлі де жас күндегідей таза әрі шынайы екенін айтады.

Десе де келіспеушіліктер де болады деп ашып айтты Қажымұрат аға. Тіпті, сол сәтте де жұбайының денсаулығын ойлап, ашуландырмауға тырысамын дейді отағасы.

“Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды. Мен әйелімді көп ашуландырмауға тырысамын. Қан қысымы бар, бір кезде қолын қатты ауыртып алып еді. Соны ойлаймын. Қатты ашуланса мен үйден шығып кетемін. Сыртта жүріп келгенде ашуы басылады. Кемпірімнің қайтымы тез. Содан кейін бала-шаға келгенде үйді шашып, секіріп ойнайды. Сонда кемпірімнің қабағы шытынайды. Сонда мен “бір келгенде ойнасын” деп ерік беремін. Сондай кезде ойымыз бір жерден шықпай қалып жатады”, – деді Қажымұрат Жұмағалиев.

Осыдан бір жыл бұрын 23 жастағы атыраулық Райымбек Дауылбаев қатерлі ісікке шалдыққан еді. Студент музыкалық жарысқа дайындаламын деп жүріп, уайымы көбейгеннен осы ауруға шалдыққанын айтты. Ауру шап пен кеуде қуысына шауып, оның Оңтүстік Кореяда ем алып жатқаны туралы жазған еді. Қазір ол сыртқатты еңсерді.

STAN.KZ
Бейсенбі, 16 Сәуір, 2026 10:00